Өрт шалған Калифорния штатында Қазақстан студенттері де бар. Қазір ол жақта 56 студент «Болашақ» бағдарламасымен оқиды, 17 стипендиат ғылыми тағылымдамадан өтіп жүр. Штатта білім алып жатқан студенттермен тілшілеріміз байланысып, жағдайды сұрап білген еді, тыңдайық...
Азамат Дүйсебаев, Лос-Анджелес қаласындағы Нью-Йорк фильм академиясының студенті:
Жел басылып, барлығы тұрақталған сияқты. Оттың таралуы тоқтады. Бірақ әлі де осы Америка басшылығы бізге хабарлама жіберіп жатыр. Ең керекті заттарыңды жинап, эвакуацияға дайын болыңдар деп. Үйдеміз, терезе-есікті ашпаймыз. Себебі, дала түтін болып жатыр.
Тайлан Қабыш, Ирвайн Калифорния университетінің студенті:
Мен қазір Ирвайн қаласындамын, бұл Лос-Анджелестен 40-50 шақырым жер. Мұнда жағдай тұрақты. Бірақ дауыл күші қатты, түтін біз жаққа жақындап келеді. Естуімше, бірнеше сағат бұрын Лос-Анджелесте өртенген жер аумағы 120 шаршы шақырымнан асқан. Бұл Алматының бір бөлігі сияқты жер. Лос-Анджелестегі кейбір достарымыз біздің үйге келіп түнеді. Олардың үйі өртенбеген, бірақ түтіннің кесірінен жағдай қиын болған. Оқулары онлайнға ауысты. Бағдарлама кураторлары қала және оның маңында тұратын студенттермен хабарда. Мен де байланыста отырмын.
Иә, халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдері де студенттермен, университет өкілдерімен ұдайы байланыста екенін айтты. Ал Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан азаматтарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Төтенше жағдай туындаған кезде Консулдықтың мына нөміріне хабарласуды сұрады.
Темірлан Нұрсолтанов