Президенттің Ana tili газетіне берген сұхбат 3 қаңтарда жарияланды. Оқитындар, мазмұнымен танысып шығатындар оқып, танысып шықты. Ішкі және сыртқы саясат, экономика, жалпы бағдар, қоғамды алаңдатқан мәселелер, сұрақтар – рас, интервьюдің мазмұнын баяндағаннан гөрі, оқыған керек.
Бір-екі цифр, бірер мәлімет: 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген.
Ал мына: Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр, негіз бар ма?- деген сұрақтың жауабы:
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.
Сонымен бірге желтоқсанның соңында Ақтауда болған ұшақ апатына тоқталған. Иә, әңгіме Бакуден Грозныйға бет алған Әзербайжан ұшағының апаты туралы. Құтқару жұмыстарының жылдам әрі жанқиярлықпен істелгенін, жалпы қазақстандықтардың жанашырлығы, жауапкершілігі, ізгі ниеті бәрін тәнті еткенін айтқан.
«Ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өткім келеді. 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін» деген.
Апта басында Бразилия мамандарының «қара жәшіктердің» шифрын ашқаны, сөйтіп Қазақстанға жібергені туралы ақпарат шықты... Жылдың соңындағы эфирде Әзербайжан президенті И.Әлиевтің ұшақтың Грозный әуе кеңістігінде жерден атқыланғанын айтқанын бергенбіз.
«Әдейі емес екені түсінікті, бірақ сол уақытта дрондардың шабуылын қайтару үшін зымырандар ұшырылған, Ресей жағы күлбелтелемей, мойындау керек» деген.