Алматыда полиция қызметкері төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті мен полицейдің арасындағы кикілжің мейрамхананың бейнебақылау камерасына жазылған. Онда марқұмның бейтаныс қызға араша түскенін байқауға болады. 41 жастағы күдікті қасында отырған қыздың қолынан тартып, тұншықтыра бастайды. Артынша полиция қызметкері жанжалдың ортасына кіріп, ер адамды сыртқа алып кетеді. Арты кикілжіңге ұласып, күдікті марқұмның жүрек тұсына, ішіне пышақ сұққан. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Пышақ жарақатын алып, жансақтау бөлімінде жан тапсырған полиция бөлімінің жедел қызметкері Нұрсұлтан Несіпбаев 31 жаста болған. Марқұмның артында жары мен төрт баласы қалды.
Ол Ішкі істер саласына 2017 жылы жұмысқа қабылданған. Ал әріптестері өз мамандығының қыр-сырын жетік білетін азамат, ісіне адал, алдыңғы қатардағы қызметкер еді деп еске алады.
Бағдат Құрамысов, Медеу аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
Оқуды бітіріп, осы Медеу аудандық басқармасына жұмысқа келген болатынбыз. Сол қылмыстың орнына барып, сол жерден тезірек айғақтарды тауып, қылмыскерді ұстап, адамдарға көмектесетін. Өте ашық жігіт болатын. Адамдармен тез тіл табысатын.
Айдана Қуантхан