Ақтөбеде ағзасын сатпақ болған тұрғын сот алдында жауап беріп жатыр. Ол бүйрегін 9 миллион теңгеге бағалап, әлеуметтік желіге хабарлама қалдырған. Қазір бұл қылмысқа қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Әлеуметтік желідегі хабарлама сатып алушылардың емес, алдымен прокуратура мамандарының назарын аударған. Айыпталушы Атырау қаласының тұрғыны. Оған құқық қорғаушылардың сұрауымен ақтөбелік келіншек хабарласып, науқас ағасы үшін бүйрек сатып алуға дайын екенін айтқан. Ауызша келісім жасалған соң ол Ақтөбеге келеді. Осында қаржының бір бөлігін, яғни бес миллион теңгені алып жатқан сәтінде қолға түскен.
Айыпталушы:
Семейный жағдай, қарызым болып қалды. Бір адамдар, жағдайлар болып қалды. Сол дворға келді. Келістік жартысын до операции, жартысын после операции аламыз деп. Сол уақытта 5 миллион қолыма ұстатты. Мен асықпаңыз деп едім. Ол сумкама салып жіберді. Шығып бара жатқанда полиция ұстап алды.
Айыпталушы бүйрегімді сатуға біреулерге көп мөлшерде қарыз болғандықтан бардым деп түсіндіруге тырысты. Белгілісі - ота шығындарын да сатып алушы тарап өтеуі тиіс болған. Енді оның кінәсі толық дәлелденсе, бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жақсыбек Кемал