Қазақстан мен Қытай арасында барлық деңгейде тағыз байланыс орнады. Қытайға ресми сапармен барған Сенат төрағасы Халықтық саяси консультативті кеңесте осылай деді. Мәулен Әшімбаев кездесуде алдымен Сицзан автономиялық ауданында болған жер сілкінісінен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бұдан соң екіжақты тиімді уағдаластықтар мен аса маңызды құжаттарға тоқталды. Бүгінде елдер арасында экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып келеді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы кездесулердің екіжақты байланысқа ықпалын атап өтті
Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунин қазақ-қытай қарым-қатынасының деңгейіне жоғары баға беріп, екі мемлекет басшыларының өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолындағы рөлін атап өтті. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың айрықша маңызына назар аударды. Қытай алдағы уақытта белсенді диалогты нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге және екіжақты форматта да, халықаралық аренада да біздің мемлекетпен өзара іс-қимылды белсенді дамытуға мүдделі екенін айтты.
Одан кейін Мәулен Әшімбаев Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті. Басқосуда тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қазіргі таңда достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Мемлекет басшылары арасындағы берік достық, тығыз және сенімді диалог елдеріміздің өзара стратегиялық серіктестігін нығайту жолында аса маңызды рөл атқарады. Осындай динамиканың арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қатынастар дамудың жаңа, алтын дәуіріне қадам басты.