Илон Маск Еуропа саясатына килікті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Илон Маск Еуропа саясатына килікті

14.01.2025

АҚШ-тағы президент сайлауына араласып, ақшасын аямаған Илон Маск енді Еуропаның саясатына килікті. Мақсаты - Ұлыбритания үкіметін ығыстырып, билікке ультраоңшылдарды әкелу секілді. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.
Илон Маск Реформалар партиясына және оның көшбасшысы Найджел Фараджға қаржылай көмектесуге уәде етті. Фарадж елдің Еуро Одақтан шығуына атсалысып, былтыр жалпы сайлауда жеңіске жеткен оңшыл саясаткер.

Найджел Фарадж, реформалар партиясының көшбасшысы:

Біз Илонның көмегімен сөз бостандығына қайта қол жеткіздік. Айтқанының бәрі елге ұнамауы мүмкін, бірақ ол батыр.
Бірақ кейін Маск ойын өзгертіп, реформашыларға «жаңа көшбасшы керек» деп шешті. Ол сондай-ақ түрмеде отырған ультраоңшылды шығаруды талап етті. Сонымен қатар 1980 жылдардың аяғынан 2010 жылға дейін жалғасқан өрескел жағдайларды еске салды. Ол кезде балалар зорланып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрленгені белгілі.

Зорлық-зомбылық құрбаны:

Мен ол тұста 14-15 жаста едім. Бейтаныс адамдар мені ішімдікке тойғызып, зорлық-зомбылық әрекеттер жасады.
Биліктің бұл мәселеге жете назар аудармағаны анықталды. Кейін сот процестері жүргізіліп, қатаң жазалауларға ұласты. Бірақ құрбандарға әлі күнге дейін өтемақы төленбеген.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

Алдыңғы үкімет 20 нұсқаулықтың ешқайсысын орындамады. Тез арада жағдайды жөндеуге тырысамыз.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Масктың іс-әрекеті елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған. Бұдан бөлек ол Германияда мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлау алдында оңшыл күштерді қолдауды бастап кетті.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу