Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауданда жұмысшылардың жалақысынан заңсыз ақша ұсталып келген.
Мәселен Тайынша ауданында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 20 адамның еңбекақысынан 2 миллион теңге ұсталған. Дәл осындай дерек Мағжан Жұмабаев ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен олимпиадалық резервті дайындау орталығында анықталды.
Облыс прокурорлары жүргізген тексеріс нәтижесінде жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал жұмысшыларға ақшасы толықтай қайтарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста түрлі салада 2500-ге жуық жұмысшының құқығы қорғалды.
Эльмира Кәленова