Жедел медициналық көмек шетел азаматтарына да тегін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жедел медициналық көмек шетел азаматтарына да тегін

14.01.2025

Шұғыл медициналық көмек қазақстандықтарға ғана емес шетел азаматтары үшін де тегін. Мамандар шағымданған науқасқа жәрдем беру үшін тәулік бойы жұмыс істейді. Тіпті таулы аймақта немесе шалғай жерде болса да ақ халаттылар көмек көрсетуге әзір.

Өткен жылы жедел жәрдем қызметіне тәулік сайын 23 мыңнан астам қоңырау шалған. Көмек сұрағандардың арасында шетел азаматтары да бар.

Әсем Ханғожина, 103 үйлестіру бөлімінің бас маманы:

Шетел азаматы Қазақстан аумағында уақытша тұратын болса немесе тұрақты тұрса, онда оның өміріне және оның айналасындағы адамдардың өміріне немесе денсаулығына зардап шегетін жағдай болса, жазатайым оқиға, улану, жарақат алса немесе босанса, шұғыл медициналық көмек алуға құқылы.

 Ал шетелде мұндай медициналық қызметтер көбіне ақылы келеді. Мәселен, Түркияға барған шетел азаматтары медициналық сақтандыру жасатуға міндетті. Егер ауырып қалса, осы сақтандыру негізінде ғана тегін ем ала алады. Ал сақтандыруы болмаған жағдайда мемлекеттік ауруханалар да жекеменшік емханалар да ақылы түрде ғана ем-дом жасайды.

Халил Алыш, Ыстанбұлдағы «Медикал парк» ауруханасының бас дәрігері:

Осыдан 20 жыл бұрын сақтандыруың болмаса, мемлекеттік те, жекеменшік аурухана да есігінен қаратпайтын. Қазір жағдай өзгерді. Түркия азаматтары сақтандыруы болмаса да, көптеген ем түрін тегін ала алады. Дегенмен сапалы ем мен білікті маман қажет болса, сақтандыру арқылы емделген тиімді. Ал туристерге көп жағдайда сақтандырудың ең арзан түрі жасалады да, ол ешқандай тегін ем алуға мүмкіндік бермейді.

Қазақстан шетелде ауырып қалған азаматтарын елге жеткізуді де тегін ұйымдастырады. Мәселен, былтыр өзге мемлекетте медициналық көмекке мұқтаж 20-ға жуық отандасымызға көмек көрсетілген. Шұғыл көмек шалғайдағы елдімекендер мен таулы аймақтардағы жағдайы ауыр науқастарға да санавиация арқылы көрсетіледі.

Назигүл Ырымбаева, Медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі:

Келесі деңгей облыс орталығына ауылдан әкелінген науқас көмек алды, бірақ оған жоғары деңгейде көмек керек болса, республикалық деңгейге тасымалданады. Сонымен бірге, донорлық ағзаларды тасымалдаймыз. Көбінесе жүкітілік, жүктіліктің асқынуы бойынша Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларына көп түседі.

Қазір жаңа санитарлық көлік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік өкілдері, алдағы үш жылда дейін 3000 жедел жәрдем көлігін аламыз деп отыр.

Асылбек Данияр

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу