БҚО-да тұмаудың түрлері өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тұмаудың түрлері өршіп тұр

15.01.2025

Батыс Қазақстан облысында 5 адамнан метапневмовирус анықталды. Тағы 61 адам шошқа тұмауына шалдыққан.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бұған дейін бір жастан асқан екі баланың метапневмовирусқа шалдығып, ауруханаға түскенін айтқан болатынбыз. Соңғы аптада тағы 3 адамнан осы вирус анықталды. Олардың біреуі 5 жастағы бала қазір Бәйтерек аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Ал 20 жастағы ер адам мен 46 жастағы әйел осы біз тұрған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайлары орташа ауыр. Барлық ем-шара жасалып жатыр. Сондай-ақ өңірде 61 адам «шошқа тұмауына» шалдыққан. Медициналық атауы H1N1 деп аталатын жұқпалы ауру да тұмаудың кең таралған бір түрі.

Нұрлыбек Мұстаев, БҚО санэпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары:

Метапневмовирус болсын, басқа да айтып өткен аденовирус, боковирус, т.б. барлығы да жіті респираторлы жұқпаның түрлері. Клиникалық белгілері де бірдей басталады. Яғни әлсіздік, мұрыннан су кету және құрғақ жөтел, содан кейін ылғалдыға айналады. Жедел респираторлық вирусты инфекцияның таралуына жол бермеу үшін өздігіңізден емделмеуіңізді сұраймыз.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бұған қоса 11 тұрғыннан коронавирус анықталған. Эпидемиологиялық кезең басталғалы бері, яғни 1 қазаннан бастап 72 мыңға жуық адам тұмау тәріздес түрлі вирусты жұқтырған. Олардың 50 мыңы - бала.


Хабарламаларға жазылу