АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстан мен Американың тұрақты сауда байланысына кедергі болып тұрған «Джексон-Вэник түзетуін» алып тастауға қолдау білдірді. Бұл жайлы ол Сенаттағы тыңдау кезінде мәлімдеді. Жоғары палатаның сыртқы саясат комитетінің өкілдері он төрт жыл сенатор болған әріптесі Марко Рубионың кандидатурасын Мемлекеттік хатшы лауазымына бекіту жайын талқылаған еді.
Негізгі сұрақтар Ресей, Қытай, Мексика, Венесуэла, Иран, Украина, Таяу шығыс мәселелеріне қатысты болды. Ал Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен байланыс жайын Монтана штатынан сайланған сенатор Стив Дэйнс көтерді. Депутат АҚШ үкіметінің өңірмен ынтымақтастықты тереңдетуге жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын сынға алды.
Стив Дэйнс, АҚШ сенаторы:
Бұл елдердің стратегиялық маңызы аса зор. Алайда осы елдермен қарым-қатынасымызға Джэксон-Вэник түзетуі қолбайлау болып отыр. Біз сенаторлар болып тізе қосып, осы мәселені шешуге ат салысып жүрміз. Сұрағым былай: Сіз дәл осы Мемлекеттік хатшы қызметіне кіріскенде бұл мәселені назарға аласыз ба? Бізбен бірге бұл түзетуді алып тастауға күш саласыз ба?
Марко Рубио, АҚШ сенаторы және болашақ Мемлекеттік хатшы:
Бұл түзетуді түбегейлі алып тастау үшін үлкен заңнамалық жұмыс атқарылуы керек. Бәзбіреулер Джэксон-Вэник түзетуін осы елдердегі адам құқықтары мәселелері мен Ресейге қарсы ықпалды арттыру үшін қолдану керек дейді. Меніңше бұл бос сөз. Ал заңнама әбден ескірген. Себебі Сауда Департаментінің мәліметінше, Қазақстанда нарықтық экономика қалыптасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Дүниежүзілік Сауда ұйымының министрлер конференциясын ұйымдастырды. Бұл – аталған шарттарға толықтай лайық ел дегенді білдіреді.
Жалғас Сәдібекұлы