Шығыс Қазақстанда жұмысшы мамандар жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда жұмысшы мамандар жетіспейді

16.01.2025

Шығыс Қазақстан облысында дрон операторы, су көлігін басқарушы және дәнекерлеуші мен энергетиктер жетіспейді. Сондықтан биылдан бастап өңірде осы мамандар даярланады. Ол үшін ұстаздар оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап бағыттамақ. Ал Тарбағатай мен Күршім ауданында осы жылы жұмысшы мамандарды даярлайтын колледж ашылатын болды.

Шығыста былтырдан бері мектеп, колледж және кәсіпорын арасында үш жақты келісімге сәйкес нақты бағдар бойынша маман даярлау басталды. Мұндағы басты талап – дуальді жүйемен оқытуды дамыту.

Исатай Исин, политехникалық колледж директоры:

Міндетті түрде дуальді оқыту. Ол өте осы техника кәсіптік жүйесінің драйвері деп есептеледі. Дуальді оқытуда мысалы, дайындалған оқушы ол міндетті түрде салада қалады. Жұмысқа дайын маман.

Дайын маманға қашанда сұраныс бар. Дегенмен қазір өңірде жоғарғы санаттағы дәнекерлеуші,темір ұстасы және кәсіби электр мамандары жетіспейді. Сондықтан колледждер осы кәсіп иелерін даярлауға басты бағыт береді. Ислам Кәкенов көпсалалы технологиялық колледжде дәнекерлеуші мамандыған оқып жатыр. Дипломын алған соң ауылына барып, жеке кәсібін ашу жоспары бар.

Ислам Кәкенов, колледж студент:

Осы мамандық өзіме қатты ұнайды және де осы мамандыққа ие боламын деп ойлаймын. Осы мамандықпен жұмыс жасаймын деп ойлаймын өзім.

Облыста жалпы 38 колледжде қазір 20 мың студент білім алып жатыр. Дуальді жүйемен үздіксіз оқу үшін 20 кәсіпорынмен келісім жасалған. Қазірдің өзінде 5 мың студент оқып жүріп, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл жалпы колледж бітіріп жұмысқа орналасқан түлектердің 87 пайызын құрайды.

Дәулет Русланұлы, өндірістік оқыту шебері:

Біз шеберханаларымызда бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап, ірі кәсіпорындарға тәжірибеден өтуге жібереміз. Сондықтан бұл мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары деңгейде.

Жоғары деңгейді сақтап қалу үшін әр колледжде құзыреттілік орталығы ашылып жатыр. Ол жердегі мамандар әр студенттің сапалы білім алуын қадағалап, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Ал аймақта арнайы дипломы бар жұмысшы әсіресе аудандарда тапшы. Сол үшін биыл Күршім мен Тарбағатайда техникалық колледждер ашылмақ.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу