Жастар «Таза Қазақстан» акциясына биыл да белсенді қатыспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар «Таза Қазақстан» акциясына биыл да белсенді қатыспақ

16.01.2025

Павлодарлық жастар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына биыл да белсенді үлес қоспақ. Олар қазірден бастап жобаның тиімділігін арттыруға жоспар құрып жатыр. Бүгін Жастар бастамаларын дамыту орталығында студенттер мен оқушылар бас қосты. Олар алдымен жастарды тазалыққа, мәдениетке баулуға арналған викториналық ойындарға қатысып, қоқыс қалдықтарынан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, шеберліктерін шыңдады.

Нұрхан Ералы, студент:

Біз әрбір адамнан осындай экологиялық адалдықты, экологиялық сауаттылықты арттырмасақ, біз экологиялық проблемаларды ешқашан шеше алмаймыз деп ойлаймын. Осындай біздің «Таза Қазақстан» акциясы сияқты акциялар көбейген сайын біздің жастар да, адамдар да жалпы экологиялық сауаттылық артады деп ойлаймын.

Ал теріскейде «Таза бейсенбі» акциясы Мамлют ауданында ұйымдастырылды. Биыл Солтүстік Қазақстанда қар жылдағыдан көп жауды. Сондықтан «Аmanat» партиясының өкілдері зейнеткерлердің арасында қар тазалап беруді өтінгендер көп екенін айтады. Сонымен қатар, белсенділер «Достық» саябағын да ретке келтірді. Былтыр Мамлют ауданында «Таза Қазақстан» жобасы аясында 150-ден астам сенбілік өткізіліп, оған 8 мыңға жуық адам қатысты.

Алтын Сағитова, «Аmanat» партиясының Мамлют аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

3,5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осы жұмыс қазір жалғасып жатыр. Жазда «Ең таза аула» деген сайыс өткізіледі. Көктемде  қар ерігеннен кейін жоспар бойынша әр апта сайын сенбілік өткізіледі.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу