Израиль мен «Хамас» атысты тоқтату туралы келісімге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль мен «Хамас» атысты тоқтату туралы келісімге келді

16.01.2025

Израиль мен «Хамас» атысты тоқтату туралы келісімге келді. Саяси сарапшылар бұған маңызды дипломатиялық жетістік деген баға беріп отыр. Келісім әлі ресми түрде күшіне енген жоқ. Соңғы мәліметтерге сай, Израиль Газа секторындағы шабуылын тоқтатпаған. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Газа секторының тұрғындары 15 айға созылған қантөгісті тоқтату келісімін қуанышпен қабылдады. Оларға әлем елдерінде бас сауғалап жүрген палестиналықтар да қосылды. Дегенмен бітімнің орындалуына қатысты күдік те сейілмей отыр.

Газа тұрғыны:
Қуаныш пен қайғы аралас. Осы соғыста жақындарымыздан айырылдық. Сол үшін қайғырамыз. Үйімізден кетуге мәжбүр болдық. Бәрі аяқталайын деп жатқаны қуантады.
Абу Мұхаммед, Газа тұрғыны:

Үй де қажет емес. Тыныштықта ұйықтап, тыныққымыз келеді. 1 жыл 3 ай бойы дұрыс тамақ та ішпедік, ұйықтаған жоқпыз. Соғыс тоқтасын деген тілегіміз ғана болды.
Израиль тұрғындары да бітімге келуден басқа жол жоқ деген пікірде. Олар үздіксіз шеруге шығып, үкіметтен кепілдегілерді босатуды талап етіп келген еді.

Авигейл Заполански, Израиль тұрғыны:

Өте қиын жағдай. Пікірімді айтуға қиналып тұрмын. Қаншама сарбаз ажал құшты.  «Хамас» кепілдегілерді қайтарады дегенге сенбеймін.

Чава Трейтел, Израиль тұрғыны:

Бұдан басқа амал жоқ. Дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын. Мемлекет, ұлт ретінде өмір сүруді жалғастыру үшін осындай таңдау жасау қажет болды.

Израиль мен  «Хамас»  Газа секторында атысты тоқтатуға сәрсенбіде келісті. Тараптар арасында жанама келіссөз Дохада өтті. Бітім - Қатар, Мысыр мен АҚШ-тың бірнеше ай бойғы делдалық әрекетінің нәтижесі. Ақ үй басшысы саяси мансабында бұл ең күрделі келіссөз болғанын атап өтті.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Менің әкімшілігім 8 ай үздіксіз жүргізген келіссөзден кейін Израиль мен «Хамас» атысты тоқтату, кепілдегілерді босату туралы мәмілеге келді. Бұл жоспарды менің командам жасап шығарды. Оны жаңа әкімшілік жүзеге асырады.

Оған сай, бітім үш кезеңнен тұрады. Алдымен Израиль әскері біртіндеп Газа секторының халық көп қоныстанған аудандарынан шығады, анклавқа күн сайын гуманитарлық көмек кіргізіледі. Газалықтар үйіне орала бастайды. Хамас кепілдегі 94 адамның 33-ін бостандыққа шығарады. Екінші - кепілдегі қалған адамдар босатылып, Израиль әскері толық шығуы тиіс. Ал соңғы фазада Газаны қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Моен Ходр, Газа тұрғыны:
Әркім туған жеріне барғысы келеді. Дегенмен ол жерде ешкім, ештеңе қалған жоқ. Жер де, ақша да, үй де жоқ. Алайда соған қарамастан палаткасыз, ашық аспан астында тұрсақ та барғымыз келеді. 
Қарулы қақтығыс 2023 жылдың 7 қазанында басталған еді. Оған «Хамас» Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасауы түрткі болды. 1200 адам қаза тауып, қарулы топ 250-ден астам адамды кепілге алды. Бұған қарсы Израиль Газа секторында әскери операция бастады.

Атысты тоқтату туралы құжатқа әлі қол қойылып, мөр басылған жоқ. Келісім алдағы жексенбіде күшіне енуі тиіс. Құжатты Израильдің министрлер кабинеті бүгін құптауы керек. Израиль мен «Хамас»-қа бітімге келуге халықаралық қысым артып отыр. Дүйсенбіде АҚШ президенті ретінде қызметіне кірісетін Дональд Трамп та бітімнің жүзеге асуына мүдделі.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу