Шымкентте жергілікті биліктің шалағай тірлігінен 400-ден астам отбасы жері мен салып алған баспаналарынан айырылғалы тұр. Шаһардың шеткері аумағындағы «Бозарық» шағын ауданына жұрттың алды осыдан он жыл бұрын қоныстанған. Көбінің қолында меншік құқығын айқындайтын құжат бар. Алайда 2023 жылы шаһардың бас жоспары қабылданған тұста шағын ауданға халықтың жайғасып қойғаны ескерілместен оның орнына магистарльді жол мен көпқабатты баспана салу жоспарланып кеткен. Соны негізге алып, әкімдік 2035 жылға дейін бұл маңдағы жердің барлығы мемлекет мұқтаждығы үшін алынатыны туралы хабаралама таратып үлгерген.
Сапар Қожаев, қала тұрғыны:
Жердің бәрін бұғаттап тастаған. Сата алмайсың, ешнәрсе істей алмайсы. Мысалы бір бөлмеде отырғандар бар. Енді олар ары қарай жағдайын істеу керек қой. Алатын болса, алаламай ақшасын беріп, біз басқа жаққа көшетін әрекет жасауымыз керек.
Жексенбай Намазбеков, қала тұрғыны:
Бұзған кезде сәулеттік-жайғастыру тапсырмасы болмаса үйдің құны төленбейді деп жатыр. Сол себепті бәрі жер қатынастары, сәулет басқармасына барып жүр. Ол жерден әлі күнге дейін СЖТ берілмей отыр.
Шағын аудан «қызыл сызыққа» еніп кеткендіктен мұндағы жұрт мұқтаждықтан көз ашпай келеді. Жол төселмеген. Су мен жарық та жоқ. Сәулет пен қала құрылысына жауапты мамандар бұл мәселені шешу тек қала әкімінің құзырын дейді. Немесе бас жоспарға қайта өзгеріс енгізу қажет.
Әсілбек Әжіметов, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
Барлық нұсқаны қарастырамыз. Жолдың траекториясын өзгертсек, онда бас жоспарға өзгеріс енгізу керек. Сондай-ақ СЖТ жағын да зерделеу керек не істей алатынымызды. Оны мен қазір айта алмаймын. Оны басқармада әр учаскені зерттеп, нысаналы мақсатын, түбірін көруіміз қажет.
Ғани Қалмахан
