Бүгін Алаш жұрты жазушы, драматург Дулат Исабекұлын ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Алаш жұрты жазушы, драматург Дулат Исабекұлын ақтық сапарға шығарып салды

23.02.2025

Бүгін Алаш жұрты көрнекті жазушы, даңқты драматург Дулат Исабекұлын ақтық сапарға шығарып салды. Жазушылар Одағында өткен қаралы жиын басында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

Жеделхатта ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлғаның есімі халық жадында мәңгі сақталатыны жазылған. Классик жазушыны жер қойнына тапсырар сәтте, сөз зергерінің замандастары көзді жасқа, көңілді шерге толтырып кете барған досын қимады...

Қарымды қаламгердің қазасы тұтас қазақ елінің қабырғасына батты. Классиктің сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері дүниежүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Оның оқырманды мырс еткізер өзгеше қышқыл-мысқылын айтсаңызшы!

«Қарғын», «Гауһартас», «Дермене», «Сүйекші», «Өкпек жолаушы» сияқты жан дүниеңнің басылмайтын пернелерін басатын, іздеп жүріп оқитын шығармалар жазған адамды қалай өлді дейсің?


Хабарламаларға жазылу