Оралда «Бала барысы» жарысының жеңімпазы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда «Бала барысы» жарысының жеңімпазы анықталды

04.03.2025

Оралда қазақ күресінен 50 баланың басын қосқан «Бала барыс – 2025» ашық турнирі мәреге жетті. Бұл – еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған спорттық сайыс.

Ауыл-аймақтан талантты балаларды табуды көздеген игі шараға 12 аудан мен қаладан жасы 13-ке толған, салмағы 45 келіден асатын бота палуандар қатысты. Жас спортшыларға «Қазақстан барысы – 2024» жеңімпазы түйе палуан Ерасыл Қажыбаев шеберлік сабағын өткізді. Қазақ күресіндегі негізгі әдіс-тәсілдерді айтып, жарысқа дұрыс дайындалу, тактика мен стратегияны қолдану туралы кеңес берді. Бозкілемдегі белдесулер тартысты өтіп, мықтылар қарсыласынан басым түсті. Болашақ чемпиондарды анықтау, ұлттық спортты насихаттау, қазақ күресін дамыту мақсатындағы дода жас палуандар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды.

Әлімхан Құрманғали, «Бала барыс – 2025» турнирінің жеңімпазы:

 Осы жарыста бірінші болып күрестім. Бірінші айқаста қарсыласымды таза жеңіспен жеңдім. Негізі дзюдошымын. Қазақ күресіне бірінші рет қатысып тұрмын.

Орынбасар Ғилымов, «Орал» спорт клубының директоры:

Талантты балалар ауылдан шығады. Көбінде олар еленбей жатады. Себебі жаттықтырушының жоқтығы, ауылдың шалғайлығы. Аса ауыр салмаққа көп көңіл бөлеміз. Қазақта бір мүшел жастан шығып тұрған, ендігі бозбалалық шаққа аяқ басқан, бой түзеген балалар арасында ұйымдастырып отырмыз.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу