Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналым бес есеге өсті. 533 млн АҚШ долларына жетті. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 100 млн доллардан әрі аспайтын. Енді екі елдің экономикалық әлеуетін арттырып, көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты тұр. Жоспар көп. Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер жүргізді. Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын арттыруға дайын. Стратегиялық жобалар ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық берілмек.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
Каспий түбіне терең су электр кабелін жүргізу жобасын ілгерілетуге қатысты бастама әлеуетін жоғары бағалап отырмыз. Бұл жұмысты жандандыруға әрқашанда әзірміз. Қазақстандық энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жеткізу жөніндегі уағдаластығымыз табысты іске асырылуда.
Джейхун Байрамов, Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрі:
Жақында Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатында қазақ халқына іздеу шараларына жедел көмек көрсеткені үшін, барлық қолдауға ризашылығымды білдіремін. Екі ел арасында ұлтаралық, тарихи, діни және сенімді, әрі берік қарым-қатынас орнаған. Бұл - біздің стратегиялық серіктестігіміздің негізі. Достық қатынастан бөлек, екі ел арасындағы экономикалық және сауда саласы да қарқынды дамып келеді.
Самал Қабышева
