Елімізде сурдоаудармашыларды оқытатын бірде бір білім мекемесі жоқ. Десе де ым-ишара тілін бала кезден меңгеріп алған көкшетаулық Әсем Қайыржанова бүгінде құлағы нашар еститін немесе мүлдем естімейтін адамдардың әлеммен байланысуына көмектесіп жүр. Ал үнсіздік әлемінде өз жолын спортпен байланыстырған Елена Путинцева болса, бірнеше мәрте сурдлимпиада ойындарының жүлдегері болып, жеңіл атлетикадан елдің намысын лайықты қорғап жүр. Үнсіздік әлемінде өзіндік орнын тапқан нәзік жандылар туралы алдағы бейнематериалды көріңіздер.
Әсем Қайыржанова - Көкшетау қаласы бойынша қазақтілді жалғыз сурдоаудармашы. Бүгінде ол көмекке жүгінгендерді дәрігерге жазу, МАИ қызметкерімен сөйлесу сияқты кішігірім шаруалардан бастап, банкте несие рәсімдеу, нотариуста құжатқа қол қою тәрізді күрделі жұмыстарды сурдоаудармамен қамтамасыз етеді.
Әсем Қайыржанова, сурдоаудармашы:
Кейбіреулер сурдоаудармашы мамандығын оңай деп ойлайды. Бірақ олай емес. Себебі сен жай ғана аудармашы емес, жанындағы досы болуың керек, туысы секілді боласың. Кез келген жағдайда көмек бересің. Психолог боласың.
Әсем Көкшетаудағы арнайы мектепте құлағы нашар еститін балаларға ыммен сөйлеуді үйретпейтінін ескеріп, алдағы болашақта балалар мен ата-аналарына арнап арнайы курс ашуды ойлайды.
Әсем Қайыржанова, сурдоаудармашы:
Олар тіл табысуды білмейді, әке-шешелері де білмейді. Жиналыста болғанда анасы шықты «мен баламды мүлдем түсінбеймін» деп көзіне жас алды. Аяп кеттім. Расында да сен балаңмен қалай сөйлеспейсің, тіл табыса алмай жүру қиын. Сондықтан шағын курс ашайын ба оларға деп ойлап отырмын.
Көкшетаулық жеңілатлетші Елена Путинцева елдің намысын әлем деңгейінде өтетін сурдлимпиада ойындары мен Азия-Тынық мұхиты елдері ойындарында лайықты қорғап жүр. Ол Түркия, Корея, Бразилия, Беларусь сияқты бірнеше шетелдерде болып, жүгіруден эстафета мен ядро лақтыру, ұзындық пен биікке секіруден жүлделі орындарды иеленді. Үнсіздік әлемінде жүрсе де, өз жолын тапқан жан бүгінде құлағы нашар еститін балаларды жеңіл атлетикадан жаттықтырып, түрлі жарыстарға дайындап жүр.
Елена Путинцева, Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері, жеңіл атлетші:
Жеңіл атлетикамен 2008 жылдан бастап айналыса бастадым. Талай жарыстарға қатысып, жүлдемен оралдым. Бұл маған үлкен шабыт береді. 54 елден спортшы қатысқан жарыс мен үшін ең сындарлы сәт болған еді. Жүлделі орыннан көріндім. 2013 жылдан бастап құлағы нашар еститін балалар үшін жеңіл атлетикадан спорт секциясын ашып, оларды жаттықтыра бастадым. Бүгінде шәкірттерімнің арасында жүлдегерлер де бар. Спортты қатты жақсы көремін. Сондықтан өзім әлі де жарыстарға қатысып, бағымды сынап жүрмін.
Елена Путинцева бүгінде Жапонияда өтетін Сурдлимпиада ойындарына дайындалып жүр. Дүбірлі додаға оны жары Андрей Путинцев жаттықтыруда. Өмірлерін спортпен байланыстырған екеуі бүгінде екі баланы тәрбиелеп отыр.
Бибінұр Әмірханқызы
