TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жаңа функцияларды іске қосады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фейсбук парақшасында жазды. Бұдан былай ата-аналар балаларының TikTok-та отыру мерзімін белгілі бір уақытқа шектей алады. Сондай-ақ қосымшаны уақытша бұғаттауға және цифрлы детокс кестесін орнатуға мүмкіндік беріледі. TikTok алдағы уақытта жасөспірімдерге қауіпсіздік ережелеріне сай емес контент туралы ата-аналарына хабарлау функциясын қосуды да жоспарлап отыр деді министр.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
TikTok қолданбасының әзірлеушілері «Демалыс» деген жаңа функцияны қосты. «Отбасылық баптаулардың» жаңа функциясы ата-аналарға балаларының аккаунттары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Балаларының TikTok-та кімдерді бақылап отыратынын және олардың аккаунтына кімдер жазылғанын көре алады. Сондай-ақ платформа сағат 22:00-ден кейін TikTok-ты пайдаланатын жасөспірімдердің назарын аударып, тынығуына көмектесетін жаңа мүмкіндікті іске қоспақ.
Серік Жұмабек
