Бүгін наурызнаманың онкүндігіне сай - Ұлттық киім күні. Мұны Еуропадағы қандастарымыз да тойлап жатыр. Бельгиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен осы елдегі қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер Брюссельдің басты алаңында мерекелік шара ұйымдастырды.
XIII-ғасырда салынған «Гран пляс» алаңын жылына 10 млн-нан астам турист тамашалайды. Осы алаңда қандастарымыз көпшілікті ұлттық киімдердің тарихымен, ою-өрнектердің мән-мағынасын таныстырды. Еуропалдықтар қамзол, шапан киген қыз жігіттермен қайта-қайта суретке түсіп, киімдерді қайдан сатып алуға болатынына қызығушылық білдірді. Сондай-ақ Брюссель тұрғындары мен қонақтары қазақстандық шоколад пен бауырсақтан дәм татып, біздің ел жайлы танымдарын кеңейтті.
Аманда Соуза, турист:
Елдеріңіз өте әдемі екенін білетінмін. Бүгін тағы көп мәлімет алдым. Ұлттық киімдеріңіздің көркі көздің жауын алады. Бауырсақтың дәмі керемет екен. Бізде Бразилияда осыған ұқсас тағам бар. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Салтанат Әбиболла, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:
Біздің ұлттық киімдер қазіргі таңда өте заманауи, олардың ойлары терең, мағынасы терең. Соны басқа елдің азаматтары көрсін деп, оны таныту үшін осы алаңда көрсетіп жүрміз. Болашақта біздің ұлттық киімдер Қазақстан мемлекетіміздің ұлттық брендіне айналады деген сенімдеміз. Әрқашанда осыған үлес қосуға дайынбыз.
Нұрсұлу Қасым
