Қызылорда облысындағы Қамыстыбас көлі ернеуіне жетіп толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Қамыстыбас көлі ернеуіне жетіп толды

18.03.2025

Қызылорда облысындағы ең үлкен Қамыстыбас көлі биыл ернеуіне жетіп суға толды. Бұл су айдыны Арал ауданының балық шаруашылығы мен экотуризмі үшін маңызы зор. Ал Кіші Арал теңізіне қысқы маусымда 1,5 млрд текше метр су келген. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы жағдайды көзбен көріп қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бұл Аманөткел ауылының тұсындағы Аспай су реттегіш тоспасы. Сырдария өзенінен бүгінде секундына 170 текше метр су келіп, Кіші Арал теңізіне жылдағыдан 10 есе мол су құйылып жатыр.

Жалпы елімізде Су және ирригация министрлігі құрылғалы трансшекаралық өзен саналатын Сырдариядан түсетін су көлемі тұрақталды. Яғни соңғы екі жылда Кіші Арал теңізі белгіленген мөлшерде өз еншісін алып отыр.

Зейнулла Қазтоғанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы:

Былтыр вегетация кезеңінде соңғы бес жылда бірінші рет 100 пайызға 997 млн текше метр Кіші Аралға су түсті. Ал 1 қазаннан 1 сәуірге дейін түсетін болжанған су көлемі 1,7 млрд. Болжанған жоспарды 1 сәуірге дейін толық орындаймыз.

Сондай-ақ Арал өлкесіндегі тартылып қалған ірілі-ұсақты көлдер жүйесі биыл қайта толды. Ата кәсіпті нәсіп еткен балықшылар мұны жақсылыққа балап отыр. Көктем келіп, мұз ерісімен ауыл халқы қайығын сайлап балық аулауды бастады. Көлден су маржанын сүзген жандар несібе жаман емес деп отыр.

Алдаш Өтегенов, балықшы:

Дариямыз, көл біткеннің бәрін биыл су басты. Су болған жерде бәрі болады. Егін де егеді. Малға да жайлы. Сол судың болғаны жақсы.

Қамыстыбас көлінде балық шаруашылығынан бөлек тұрғындар экотуризмді дамытып келеді. Бүгінде 30-ға жуық кәсіпкер алыс-жақыннан келетін қонақтарды күтуге шағын үй-жайлар салып қойған. Былтыр су жағалаудан 300 метрге дейін тартылып, мұнда келушілер аз болыпты. Биыл көл ернеуіне жетіп, жергілікті жұрттың алдағы маусымнан үміті мол.

Марал Бимаханова, кәсіпкер:

Мынадай деңгейге көтеріліп, судың толып жатқанына өте қуаныштымыз. Ақпан айынынан бастап бір-бірімізден сүйінші сұрадық. Клиенттеріміз хабарласып жатыр. Апай су толды деп жатыр. Биыл тамаша болады келіңіздер.

Жазғы маусымда мұнда 100-ге жуық жұмыс орны құрылып, елдімекен тұрғындары көлдің арқасында нәпақасын табады. Осылайша мол судың келуімен жақын ауылдардың да әлеуеті артып, жағдайы түзелмек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу