Кинотеатрлардың табысы бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кинотеатрлардың табысы бақылауға алынады

18.03.2025

Кинотеатрлар үшін жаңа жүйе әзірленді. Оған сай енді кассалық түсімдер бақылауға алынады. Өйткені елдегі кинотеатрлардың жартысына жуығы табысын жасырып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында Креативті индустрияны дамыту қоры құрылатыны да белгілі болды. Оны дамытуға елдегі лотерея билеттерінен түскен қаражат жұмсалады. Осы және Үкіметте көтерілген басқа да жаңашылдықтарды тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндасын.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Былтыр отандық кино саласы рекорд орнатты. Атап айтсақ бір жылда билет сатылымынан 22 млрд теңге ақша түскен. Қуантарлығы кинотеатрлардағы ең көп табыс тапқан 20 кинотуындының 70 пайызы отындық фильм.

Соңғы жылдары отандық контентке деген сұраныс артып, кино өндірісі 58 пайызға артты. Дегенмен солардан түскен қаражаттың басым бөлігі кинотеатр иелерінің қалтасында қалуда. Бұл туралы бүгін Үкіметтің отырысында айтылды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Мәдениет және ақпарат министрлігі бірыңғай киномониторинг жүйесін әзірледі. Бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық тізімдерді әділ бөлу міндетін атқарады.

Яғни енді кассалық түсімдер бақылауға алынады. Ол үшін «е-Кино» жүйесі іске қосылды. Оған әзірге 104 кинотеатрдан 68-і ғана енген. Қалғаны табысын әшкерелеуге асықпай отыр. Сондай-ақ бұдан былай отандық киноөндірушілерге де талап күшейеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Шетелдік және отандық кинокартиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығуышылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда көруді мақсат етпей фильмдердің сапасына баса назар аудару керек.

Креативті индустрияны дамыту қоры құрылады

Отырыста креативті индустрия саласының болашағы талқыланды. Былтыр «Креативті тауарлар мен қызметтер» рейтингінде Қазақстан 93-орыннан 65-орынға көтерілді. Бұған елдегі креативті индустрия субъектілері мен жұмыспен қамтылғандар санының 15 пайызға өсуі сеп болған. Дегенмен бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сондықтан 1 шілдеге дейін елде аталған саланы дамыту қоры құрылады.

Айта кету керек, енді елдегі лотерея билеттерінен түскен қаражаттың үш пайызы осы бағытқа қаржыландыруға жұмсалады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бүгінде аталған салада 143 600 адам еңбек етеді. 12 бағыт бойынша жұмыс істейтін креативті индустрияның 43 түрлі экономикалық қызмет көрестетінін де атап өткен жөн. Елімізде сала субъектілерінің 50 пайызы Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Сондықтан оны басқа да өңірлерде дамыту міндеті тұр. Алға қойылған негізгі мақсат – креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесін алдағы жылдары 2 пайызға жеткізу.

«Батырларға тағзым» порталы «Е-архив» жүйесімен біріктіріледі

Үкімет отырысында айтылған тағы бір жаңашылдық ол – «Батырларға тағзым» порталының «е-Архив» жүйесімен біріктірілуі. Бұл қазақстандықтарға Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі бірегей архив деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Жоба 9 мамырдан бастап іске қосылады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу