Елімізде тіркелмеген мопед жүргізушілеріне айыппұл салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тіркелмеген мопед жүргізушілеріне айыппұл салынады

18.03.2025

Елімізде екі аптадан соң мемлекеттік нөмір алмаған мопед жүргізушілеріне айыппұл салынады. Яғни 5 сәуірден бастап жол ережесіне талап күшейеді. Мәселен Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте 3 300 мопед тіркелген. Жаңа талап бойынша жүргізуші куәлігін алып, қос дөңгелекті техниканы рәсімдеу үшін не қажет? Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан тарқатады.

Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес Алматыда күніне 300-ге жуық мопед тіркеліп жатыр. Техникасын тіркегендерің бірі – Серік Қайроллаев. Ол жақында алған мопедін рәсімдеп, небәрі екі сағат ішінде мемлекеттік нөмір алды.

Серік Қайроллаев, мопед жүргізушісі:

Мемлекеттік нөмір тез табуға көмектеседі. Нөмір алған адамдар жауапкершілігі болады. Ол кезде жол ережесі бұзылмайды, тәртіп сақталады. Бәрі бірдей заңмен жүреді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Мопедті тіркемес бұрын инспектор дәл осы алаңда жан-жақты тексереді. Оның әсіресе шанағының көлемі, қозғалтқыш нөмірлері құжатта көрсетілген мәліметпен сәйкес келуі керек. Егер мопед заңсыз немесе ұрланған болса, тексеріс актісі берілмейді.

Содан соң тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік нөмір алуға жіберіледі. Ол үшін барлығы 11 мың теңгеден аса қаржы төленеді. Ал жүргізуші куәлігі жоқ болса, мопедші 2 айлық мерзімде оқуы керек. «А1» санатын алу үшін міндетті түрде теориялық және практикалық емтихан тапсыруы қажет. Ол үшін үміткерлерге жылына үш мүмкіндік беріледі.

Айдын Меркімбаев, қалалық ПД процессинг орталығының басшысы:

Егер 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопед жүргізушісі жолға шықса 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Көлігі уақытша тұраққа қойылады. Мопед иесі көлігін есепке қойғаннан кейін жол жүру ережесіне сәйкес ол сақтандыру полисі, техникалық байқаудан өткен актісі болуы тиіс.

Былтыр Алматыда мопедтің қатысуымен 1 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1 100-ге жуық адам дене жарақатын алып, 17-сі көз жұмған. Сондай-ақ 44 мыңнан аса мопедші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 700-ден астам мопед айыппұл тұрағына қойылыпты.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу