Елімізде еңбек нарығында 500-ден астам мал дәрігерінің орны бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде еңбек нарығында 500-ден астам мал дәрігерінің орны бос тұр

26.03.2025

Қазақстанның еңбек нарығында 500-ден астам мал дәрігерінің орны бос тұр. Елімізде ветеринарларды даярлайтын 10-нан астам жоғары оқу орны бар. Орта есеппен жылына 600 түлек диплом алады. Дегенмен мәселе толық шешімін таппай отыр. Мамандардың айтуынша, оның басты себебі – жастардың дені ауылдық жерлерге барғысы келмейді. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылында тұратын Әбдурашид Сұлтанов керісінше, төрт түлікті емдеп, нәпақасын тауып жүр.

Қой қоздап, қорада мал шулаған шақ. Ветеринарлар үшін қарбалас кезең басталған. Жаңа туған төлге сырға тағып, ірі-қара өріске шыққанша жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасап үлгеру керек. Әбдурашид Сұлтанов ветеринар мамандығын таңдаған. Қарамағында 4 ауылдың ірі-қарасы бар.

Сарыбай Балқашев, ауыл тұрғыны:

Мал ауырса, шақырамыз. Жүгіріп келеді. Бием әлгі құлындай алмай жүр екен. Сосын жетектеп алып келіп, екеуміз құлынды суырып алдық. Бие екі күндей үйде тұрды, сосын далаға шығарып жібердім, содан мал болып кетті.

Сұлтановтар 2016 жылы түстіктен теріскейге мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударыпты. Төрт бала тәрбиелеп отыр. Көмекке берілген қаржыға баспана сатып алған.

Әбдіғали Сұлтанов, зейнеткер:

Бала кезінен ит, құмырсқа, мысық, көшедегі күшіктерді үйге алып келе беретін. Оны бітірген кезінде сенің мамандығың тапшы болады дедім. Бұрынғы ветеринарлар қартайған. Орнына жаңадан келуі керек дедім.

Әке ақылын тыңдаған азамат М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін тәмамдапты. Салада 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Мал дәрігері демалыссыз жұмыс істейді. Кез келген уақытта шақырту түсуі мүмкін. Әбдурашид ондай сәтте көмекке асығады.

Әбдурашид Сұлтанов, мал дәрігері:

Адам ауырған кезде ол не болып жатқанын дәрігерге айта алады.  Малдың да тілі бар. Оны әркім түсіне бермейді. Біз келген кезде біріншіден сыртқы келбетін қараймыз. Содан кейін керек дәрілерді жазып береміз.

Кейіпкеріміз дәрі ем болса қуанып, мал тәуір болмаса, қамығатынын айтады. Қазақстанда жыл сайын төрт түлктің саны көбейіп келеді. Сәйкесінше ветеринар мамандарға деген сұраныс та арта түспек.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу