Бүгін – Дүниежүзілік театр күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Дүниежүзілік театр күні

27.03.2025

Бүгін – Дүниежүзілік театр күні. Киелі сахна қызметкерлері үшін айрықша мәнге ие атаулы дата. Қазіргі таңда еліміздегі театрлар күннен-күнге түрленіп, жаңа реңк алып келеді. Көрерменнің де талғамы қалыптасты. Көрген қойылымын талдап, талқылап, олқы тұстарын түгендеп отырады. Қос тарап та бір-біріне ілесіп дамып жатыр.

Киелі сахна – өнердің шыңы. Осы биікке шыққандар елдің ықыласына бөленері анық. Бұрынырақта театр тәрбие құралы дейтін тәмсіл бар-тын. Бүгінде бұл түсінік ескірді. Көрермен сахнада айтылған ойды ақиқат деп таппай, айтылған сөзді сараптап, екшеп алатын болды. Ал бұл дұрыс құбылыс, дейді актер Сағызбай Қарабалин.

Сағызбай Қарабалин, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

Театрдың негізгі мақсаты - бұл тарихты, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін ашып айтатын үлкен арена. Әрі қарай көрермен өз ойын түйіндейді. Өз ойына келісе ме, театрда айтылған ойлармен келіспей ме, бұл өзінің шешімі.

Саф өнерге деген сұраныс та артты. Күйбең тіршілікті ұмыттырып, бір сәт дамылдап ойлануға мүмкіндік беретін рухани мекенге бас сұғатындар көбейген. Әртүрлі бағытты қамтитын, тың жанрдағы туындылар көрерменнің көңілінен шығып жатыр.

Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақстанның Халық әртісі:

Сондықтан бүгінгі театр бүгінгі күннің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындай дәрежеде жұмыс істейді. Біздің, мысалы, Әуезов театрын білмейтін мемлекет аз деуге болады. Жақында ғана Лондонға барып келді, қазірдің өзінде бірнеше коллектив өзінің міндетін орындап, гастрольдік сапармен, үлкен шығармалармен шығады. Театр өзінің атына, затына сай жұмыс істеп келе жатыр.

«Театр киім ілгіштен емес, драматургтың жазу үстелінен басталады», дейтін Дулат Исабеков. Парақ бетінде тудырған кейіпкерлерін сахнада сөйлеткен отандық авторлардың да қатары артып келеді.

Балжан Бекмағамбетова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі театр өнері басқармасының бас сарапшысы:

Қазіргі таңда қолданыстағы мәдениет тұжырымдамасына сәйкес, отандық драматургтердің шығармаларын арттыру, оны 2030 жылға дейін 600 бірлікке дейін ұлғайту көзделген. Мысалы, былтырғы жылдың статистикасына сүйенсек, 348 қойылым сахналанған, соның 151-і шетелдік авторлардың шығармалары болса, қалған 197-сі отандық авторлардың шығармалары. Мұны жыл сайын ұлғайту жоспарда бар.

Елде ұзын саны 70-ке жуық театр бар. 57-сі – мемлекеттік. Олардың репертуарында 2,5 мыңнан астам спектакль жинақталған.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу