Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзенінде ағыс күшейді. Келген нөпір су жаптарды құлатып, бөгеттердің астынан өтіп кетіп жатыр. Қазір көмекке көрші облыстардан әскерилер мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп, қауіпті учаскелерде қайта жаға бекітуде. Жұмыс барысымен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт танысып қайтты.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Тасқынға қарсы Жем өзенінің 48 шақырымы толықтай тереңдетіліп бітті. Қазір жауаптылар осал тұстарын кері бекітіп, жанталасып жатыр. Ал бұл Құлсары қаласына қарай кететін Құрсай өзегі. Мұндағы тереңдету жұмыстары аяқталмағандықтан, қазір осылай бітеп қойған. Негізгі су келіп болған соң, бұл жерге арнайы шлюз орнатылып, өзектегі су реттеліп отырады.
Жем өзеніндегі су деңгейі күн сайын 10 см-ге көтеріліп отыр. Бүгіннің өзінде 2 метр 73 см-ге жетті. Қауіпті деңгей 340 см. Су тек Жем өзенінің арнасымен ағып жатыр. Сай салаға кететін арналардың барлығы жабылған. Мұндағы мақсат – нөпір суды осы жол арқылы теңізге қарай өткізіп жіберу. Өткен жылғы тасқынның куәсі болған тұрғындар қорқынышын жасырмайды.
Қорабай Тайшыбаев, Тұрғызба ауылының тұрғыны:
Күнде шығып қараймын. Кешелі бері көбіктенді. Бұрын ондай жоқ еді. Кішкене көтерілді. Енді судың бәрі бір арнамен ағып жатыр. Бұрын жайылып жатқасын, білінбейтін еді.
Жылыой ауданын тасқыннан қорғау мақсатында биыл бюджеттен 40 млрд теңге қаралған. Қазір оның 10 млрд-ы ғана игеріліпті. Бұл қаржыға 100 шақырым бөгет соғылып, ұзындығы 96 шақырымды құрайтын Жем мен Құрсай өзектерінің түбі тереңдетілді.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
Бұл жерде ені 50 метр болатын және тереңдігі 2-2,5 метр болатындай Жем өзенінің арнасы кеңейтіліп, тереңдетілген болатын. Қосалқы екі мердігер жұмыстар атқарып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстың 78 пайызы бітті.
Тасқыннан қорғану жұмысына аудан бойынша 500-ге жуық адам мен 255 техника жұмылдырылған. Қосымша көмек Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан келіп жетті. Төтеншеліктер мен әскерилер қосымша бөгет нығайтып жатыр. Егер төтенше жағдай бола қалса, 14 эвакуациялық пункт те тұрғындарды қабылдауға дайын.
Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
Жемнің түбін қазғандағы шығарған бірінші бөгетіміз. Екінші республикалық маңызы бар трассадан бастап, Ақкиізтоғай трассасына дейін 65 км бал соғып жатырмыз. Ол да тірейді. Одан өткен жағдайда үшінші Құлсарының айналасындағы былтырғы бөгетті қалпына келтіріп қойдық. Сондықтан біз Құлсарыны суға жібермейміз деп ойлаймыз.
Әзірге аудан бойынша жағдай бірқалыпты. Мамандар тасқын сәуір айының 10-ына дейін созылады деп отыр. Жем өзенін бойлай 6 участок белгіленген. Қазір сол жерлерде мамандар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды жіті бақылап отыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
