Ақтөбеде тұрғындар заңсыз құрылысқа қарсы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тұрғындар заңсыз құрылысқа қарсы шықты

27.03.2025

«Жүк көліктері жүйкемізді жұқартты!» Ақтөбе қаласына қарасты «Рауан» елдімекенінің тұрғындары ауыл ішінен ауыр көліктерге арналған автотұрақ салынуына қарсы шықты. Нысан тұрғын үйлерге тым жақын орналасқандықтан, балалар үшін де өте қауіпті дейді. Ең сорақысы – бұл құрылыстың заңсыз екені енді белгілі болып отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жерде қазірдің өзінде 30-ға жуық техника тұр. Тұрғындардың айтуынша, кейбір күндері оның саны 40-50-ге дейін жететін көрінеді. Яғни ауылға кедергісіз кіріп-шығудың өзі мұңға айналады.

Бұл – ауылға кіріп-шығуға арналған жалғыз жол. Нысан осы жолдың дәл іргесінен бой көтере бастаған. Құрылысы аяқталмай жатып, айналасына ондаған ауыр техника жиналған. Тұрғындарды алаңдатып отырғаны да осы, яғни көліктердің гүрілі тыныштығымызды бұзды, таза ауа жұтудан қалдық дейді.

Бақыт Дәуренбаева, тұрғын:

Түнімен тарс-гүрс, жөндейді-ау деймін, тарсылдатады. Ертемен бәрін оталдырады, мына жер түтін болып кетеді. Кең байтақ Қазақстанның жері тарылып қалғандай, мына жерге әкеліп тықты да қойды.

Кәсіпкерлік нысаны үйлердің іргесінен салына бастаған. Сондықтан балаларға да қауіпті. Тұрғындар тұрақ салынарда біздің пікіріміз ескерілмеді дейді.

Болат Меңдібаев, тұрғын:

Бір тиынға керегі жоқ маған. Мынаны құртыңдар! Халыққа керегі жоқ. Бұл балаларға қауіпті. Сосын экология. 

Алайда кәсіпкердің өзі не сенімді өкілі келіп, жағдайды түсіндірмеді. Ал қала әкімдігінің өкілдері бір жылдан бері тұрған құрылыстың заңсыз екенін енді ғана анықтадық дейді. Кәсіпкерге бұл аумақтан тек дүкен салуға ғана жер берілген.

Жанаргүл Мақашева, қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

«Рауан» тұрғын массивінде заңсыз құрылыс анықталған. Ол бойынша бүгінгі күнге бүкіл құжатты дайындалып, тиісті органдарға жіберіледі.

Тұрғындар Экология департаменті мен қалалық полиция басқармасына да арыз берді. Олар талап-тілектеріміз орындалмаса, Бас прокуратураға дейін шағымданамыз деп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу