Бүгін Мьянма мен Таиландта қуаты 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметке қарағанда, зілзаладан Тай астанасы Бангкокта салынып жатқан зәулім ғимарат құлаған. Үш адам қаза тауып, бірталайы үйінді астында көміліп қалды. Қазір оқиға орнында іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Кейбір деректерге жүгінсек, 70 жұмысшы жоғалып кеткен.
Варунью Армарттаякул, кеңсе қызметкері:
Басында мен түсінбедім, жер сілкінісі болғанын. Кейіннен үстелдер, орындықтар, компьютерлер теңселе бастады. Қабырға жарылып, терезе сынды. Тіпті төбенің бір бөлігі құлап қалды. Сонда қашу керек екенін ұқтым.
АҚШ-тың Геологиялық зерттеулер агенттігінің дерегінше, зілзала ошағы Мьянманың 1 жарым миллион адам тұратын Мандалай қаласынан 17 шақырым жерде 10 шақырым тереңдікте анықталды. Шаһарда көп нысан опырылып түсті. Солардың қатарында отельдер, көпқабатты үйлер, балабақшалар мен көпірлер бар. Бұған қоса, елдің алты провинциясында төтенше жағдай жарияланып отыр. Мьянмада жер дүмпуінен 3 адам көз жұмды. Бірақ болжамдарға қарағанда, жүздеген тұрғын мерт болуы мүмкін.
Арыстан Рысбек
