Жамбылдағы жер сілкінісінен кейін 30-ға жуық нысан бүлінді. Бұл көрсеткіш тағы көбеюі мүмкін. Себебі шағын әлі есептеліп жатыр. Түс қайта сағат төрт шамасында тағы да жер сілкінді. Ал түнгі тербелістен кейін Меркі ауылындағы балабақша өз жұмысын тоқтатты. Өйткені бөбекжай ғимаратының 40%-ы бүлінген. Жеке тұрғын үйлердің де қабырғалары жарылған. Дүмпу ошағында болып қайтқан Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.
Меркі ауданының тұрғындары түнгі тербелісті шошына еске алады. Әсіресе тау етегінде тұратын Талдыбұлақ ауылында жағдай мәз емес. Беріктігі мықты деген баспаналардың өзі бүлінген. Тұрғындар түндегі жағдай қайталанса, үйіміз үйіндіге айнала ма деп қорқады.
Әшімкүл Өмірбекқызы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:
Тура үйдің сыртында тау жақ бульдозер жүргендей бұрқ етіп, кәдімгідей қатты соқты. Сол кезде жарық та өшіп қалды. Өзімді жоғалтып алдым да, тұра алмай, дірілдеп, қалтырадым. Балам арғы жақта телефон жарығын жағып, мамалап жүр екен. Екеуміз қол ұстасып, есіктің астында тұрдық.
Меркі ауданында әсіресе әлеуметтік нысандарға көп зақым келген. Аудандық орталық аурухананың ғимараты, бірнеше ауылдық амбулатория мен балаларды оңалту орталығының қабырғаларына сызат түскен.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жер сілкінісінен «Балдәурен» балабақшасы да бүлінген. Әсіресе шаруашылық бөлмелерінің қабырғалары қақырап, құлауға шақ тұр. Ал дәліздегі жарықтары далаға дейін жалғасқан.
Енді мұндағы 250 бала сәуір айының ортасына дейін балабақшаға бармайды. Өйткені өрендерге қауіпті. Ал аудандық білім бөлімі бүлдіршіндерді басқа бөбекжайларға бөлуді қарастырмақ.
Эльмира Кәкібаева, балабақша меңгерушісі:
Ол жерге кіріп-шығуға болайды. Өйткені құтқарушылар ол жәйт қайталануы мүмкін деп айтып отыр. Жер сілкінісінен кейін шамамен 40%-ға бүлінген.
Жалпы, бес балдық тербеліс тіркелген Меркіде 12 нысанның қабырғасы жарылған. Ал дүмпу дірілі 4 балға жеткен. Тұрар Рысқұлов ауданында 16 нысан зақымданған.
Қанатбек Мәдібек, облыс әкімінің орынбасары:
Бұл нысандардың ішінде жеке үйлер де бар. Мысалы, Тұрар Рысқұлов ауданында 11 үйде осындай мәселе анықталды. Тұрғындардың өтініші бойынша ол үйлерге тиісті талдау жұмыстары жүргізілуде. Аса үлкен қауіп жоқ.
Бүгін аймаққа Алматыдан арнайы сейсмолог мамандар да келді. Олар зілзаладан зақымданған нысандарға тыңғылықты талдау жүргізбек. Түс қайта күндізгі сағат 4 шамасында аймақта тағы да жер сілкінді. Екі балдан асқан дүмпуден ешқандай зиян келмеді.
Данияр Әлімқұл
