Семейдің іргесіндегі Бұлақ ауылында мал жаппай бруцеллезге шалдығып, елдімекен карантинге жабылды. Тұрғындар қазірдің өзінде 300-ге жуық ірі қарадан айырылдық деп отыр. Қорасы қаңырап бос қалғандары қаншама. Ауылдықтар ветеринарлардың жасаған қан сынамаларына сенбейді. Өйткені өздері тексерткен түлік түгел сау шыққан. Жағдайды өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып баяндасын.
Бұлақ ауылының тұрғыны Гүлбаршын Әлмаханова сүтін сатып күн көріп отырған 15 сиырынан бір күнде айырылған. Өйткені ветеринарлар тексерістен соң, мал түгел бруцеллез деген. Сол себепті індет жұқтырған ірі қараны союға мәжбүр болыпты.
Толымқан Бабаханұлы, Бұлақ ауылының тұрғыны:
Өздері алып кетеді да, мясокомбинатқа сойғызып, қолымызға етімізді береді. Қайда апарсаң, сонда апар деп. Сөйтіп базарға апарамыз. Үйге аламыз. Сөйтіп малды бітірдік.
Серікхан Серікбайұлы, Бұлақ ауылының тұрғыны:
Өзімнен 12 бас, көршімнен 24 бас шықты. Мына жақтағы жігіттерде 28-ден шықты. 300 бастай болып қалар.
Тұрғындар ветеринарлардың сынама қорытындыларына сенбейді. Өйткені өздері тексерген ірі қарадан ешқандай індет анықталмаған. Енді мамандар айтты деп. малымызды шетінен қыра берсек, қалай күн көреміз деп зар қағады.
Жанат Сембайқызы, Бұлақ ауылының тұрғыны:
Мал дәрігерлері бұл тест таяқша заңды емес дейді. Мен неше күннен бері оқып жатырмын, ол заңды дәлелденген. Лаборатория, тест талдауы - бәрі бірдей екен.
Ал ветеринарлық инспекция басшысы алаңдауға негіз жоқ дейді. «Ауырған малды сойдық, ережеге сай базарға апарып жойдық», - деп жайбарақат отыр.
Алтай Оразаев, қалалық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы:
25 жылға 46 бас ірі қара малынан бруцеллез анықталды. 1946 бас тексерілді. Бүгінгі күні оң нәтиже бергендері санитарлық талапқа сәйкес сойылды.
Бір қызығы бас ветерианардың айтқанынан ауру малдың саны мүлдем көп. Оны ауылдағы мал дәрігері де растады.
Нұрлан Әділханов, Ветеринарлық пункттің меңгерушісі:
97 бас карантинге беріліп отыр. 74 бас ауылдан шыққан. Қосылғанда 193 бас сойылып отыр.
Ережеге сай екі рет тексергенде мал таза болып шықса, оған дереу екпе салынуы тиіс. Бірақ ветеринарлар оны да орындамай отыр дейді тұрғындар. Сондықтан сөзі мен ісі қабыспаған мал дәрігерлерінен бөлек комиссия құрып, тексеріс жүргізуді талап етуде.
Ержан Жақып
