Түркістан облысында шаруалар егін сала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шаруалар егін сала алмай отыр

28.03.2025

Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар егін сала алмай отыр. Себебі Асықата кентіндегі 16 қожалықтың жерін аудан әкімдігі мемлекет мұқтаждығына керек деп, сот арқылы қайтарып алған. Алайда диқандар орнына не жер, не өтемақы бермеді деп отыр. Ал индустриалды аймақ салынады деген 59 гектар алқап сол күйі бос тұр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Байтілес Тұрсынбаев пай үлеске алған 6 гектар жерін былтыр сот шешімімен мемлекетке қайтарып берді. Содан бері жеті баласы бар шаруа нәпақасыз қалғанын айтады. Әкімдіктің қарауына өткен жер бос тұрған соң, игеріп, бір жыл болса да, егін ексем деген ойы бар.

Байтілес Тұрсынбаев, шаруа:

Күнкөрісіміз осы болып жатқан. Басқа ешқандай күнкөріс жоқ, не жұмыс жоқ ауылда. Ауылшаруашылығына  жер сұрап бардым, орнына жер бересіңдер ма десем, сендерге жер жоқ, сендер сотта жеңілдіңдер деді. Резервте жер жоқ дейді. Бұлар не жер бермейді, не өтемақы бермейді.

Шарасыз қалған халық егістік басына жиналып, жергілікті биліктен мәселені шешіп беруді сұрады.

Өмір Білісбаев, шаруа:

Не келмейді, не салып жатқан ешнәрсесі жоқ. Ауызбен тындырып отыр. Не ексеңдер де, алып қоямыз дейді.

Серік Әбішев, шаруа:

Айдалмаған жерлер тұр. Айдайын десе, ертең шығынға батамын деп жатыр. Суарайық десек, су бермейміз, бұл жерге су берсек, әкімшілік штраф салады деді.

Ал аудан атқамінерлерінің мәліметінше, 59 гектар суармалы жерге индустриалды аймақ салынады. Сондықтан жер енді шаруаларға берілмейді деп кесіп айтты. Десе де тұрғындарға қашықта орналасқан ауылдық округтерден жер ұсынылған көрінеді.

Нұркен Әлмеш, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:

Сол жерге лайықты Қызылқұм ауылдық округінен жер ұсындық. Азаматтар ол жерді алудан бас тартты. Одан кейін аудан әкімдігі тарапынан сотқа беріп, соттың шешімімен жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда ешқандай өтемақы төлеу жоспарда жоқ.

Әзірге суармалы алқапты игеретін инвестор табылмаған. Ал шаруалар оған дейін құр жатқан жерге соқа салып, ерте пісетін бақша дақылдарын еге беруге тәуекел етіп отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу