Ал, қазір Үкімет үйінде мемлекеттік қызметті дамыту, саланы цифрландыру жайы талқыланады. Әріптесім, Азамат Бейбітұлы Үкімет үйінде айтылатын ақпараттарды саралау үшін барған еді.
Бүгінгі таңда халықтың 93 пайыздан астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерді тұтына алады. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы осындай смартфондар арқылы қолжетімді. Демек, бүгінгі тақырып – тұтас ел үшін аса маңызды деп білем. Жалпы, 2018 жылдан бері «Цифрлық Қазақстан» деп ұрандатып келеміз. Нәтиже жаман емес, тіпті, қуантарлық десек те болар. БҰҰ дерегі бойынша, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орынды иеленген. ІТ-жетістіктерді ең тез әрі ең тиімді пайдаланып жатқан елдің бірі –Қазақстан. Барды бар деу керек. Мысалға, бір жылдың ішінде қазақстандықтар 23 миллионнан аса электрондық құжатқа биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңба арқылы қол қойған. Қаншама жұмыс жеңілдеп, қысқарып, қағазбастылықтан құтылып жатырмыз. Қазір тіпті, жасанды интеллектінің көмегімен цифрлық әлеуетіміз одан әрі арта түсті.
Дегенмен, тоқмейілсуге тағы болмайды. Технологияның ізінен үнемі өкшелеп отырмасаң, тенденциялардан тыс қаласың. Оның үстіне, мемлекеттік қызметтердің кенжелеп тұрған тұстары да жоқ емес. Олардың бәрі бүгінгі жиында ортаға салынып, талқыланып, басқа да мәселелер айтылады деп ойлаймын. Ендеше, рұқсат болса, мен маңызды ақпараттарды өткізіп алмас үшін, жиынға оралайын. Күн сәтті өтсін!
Азамат Бейбітұлы
