Президенттер қатысуымен Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттер қатысуымен Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті

01.04.2025

Астана халықаралық қаржы орталығының экожүйесіне Словениялық компаниялар да қосылуы мүмкін. Екі елдің ірі бизнес өкілдерімен өткен форумда Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Жиын барысында қай бағытта әріптестік орнатудың тиімді екені және кез келген бастамаға мемлекет тарапынан қолдау болатыны айтылды. Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.

Словения – Балқан түбегіндегі шағын мемлекет. Италия, Австрия, Венгрия, Хорватия елдерімен шектеседі. Оңтүстік батысында Адрия теңізі бар.

Еуропаның кіреберісінде орналасқан елдің экономикасы жылдам өсіп келеді. Өңдеу өнеркәсібі, Еуропалық одақ арқылы экспорт, сауда көлемі жақсы дамыған. Ал Қазақстанмен саяси диалогты нығайту қос тарап үшін де тиімді. Өйткені екі елдің мүмкіндігі де, мүддесі де ұқсас.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан ірі елдердің санатында. Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 4,8 пайыз деңгейінде болды. Бұл болжанған жаһандық өсімнен 1,5 есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 288 млрд долларға жетті. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниеттіміз.

Словенияның географиялық тұрғыда ыңғайлы орналасуы Қазақстанмен бірлесе отырып, жаңа транзиттік бағыт ашуға мүмкіндік береді.

Еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі былтыр рекордтық көрсеткішке, яғни 514 тонна-шақырымға жетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінде, Орталық Азия аймағында және Қытайда тұратын 1,5 млрд-тан астам тұтынушыға тікелей шығу мүмкіндігін ұсына алады. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізіндегі жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Аталған теңіз айлақтарынан жөнелтілетін жүк көлемі былтыр 4,5 млн тоннаға жетті. Осы орайда көлік байланысын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыру үшін Словенияның ең ірі Копер портымен тәжірибе алмасуды және серіктестікті тереңдетуді көздейміз.

Қазақстанда шығатын мұнайдың 70 пайызға жуығы Еуропа Одағы елдеріне экспортталады. Барланған табиғи газ қоры 3 трлн текше метрге жетеді. Ал көмір кеніші 34 млрд тонна. Сондықтан энергетика саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кең.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде Қазақстан ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді. Осы сектордың әлеуетін толық пайдалану мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен прагматикалық формулаға сай, яғни «шикізат орнына инвестиция мен технология» деген қағидаға сүйене отырып әріптестік құрамыз.

Мемлекет басшысы еліміз ауыл шаруашылығына баса назар аударатынын, бұл сала жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінде отандық ауыл шаруашылық өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Президент бизнес өкілдерін фармацевтика, IT және басқа да салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды. Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Астана халықаралық қаржы орталығын аралап, жұмысымен танысты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу