Қазақстан халықаралық транзиттік бағыттарды дамыту және логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды басты назарға алып отыр. Самарқандтағы саммитте де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит әлеуетін арттыру бойынша мәселелерді көтерді.
Бүгін Алматыда өткен жиында халықаралық сарапшылар осындай пікір білдірді. «Логистиканың геосаясаты: әлемдік жүйедегі Орталық Азияның көлік дәліздері» атты конференцияда халықаралық көлік дәліздерінің дамуы мен болашағы талқыланды. Мамандар жаһандық экономикалық және геосаяси өзгерістердің Қазақстандағы көлік жүйесіне тигізер әсері туралы пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін де айтты. Отандық және шетелдік ғалымдар елімізде халықаралық көлік дәліздерін дамыту, көлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылық жайында сөз қылды.
Рағип Қутай Қараджа, профессор, Бейкоз университетінің проректоры (Түркия):
Орталық Азиядағы көлік-логистика бағытын дамыту үшін бірлескен жобаларды қолға алған дұрыс. Транзиттік бағыттар тауар тасымалдау үшін ғана емес, сауда-экономикалық, тіпті мәдени байланысты бекемдеуге ықпалы зор. Мәселен, Дүниежүзілік банк сарапшыларының есебі бойынша Қазақстанда халықаралық көлік дәліздері дамыса, елдің ЖІӨ 23%-ке көбейеді. Сондықтан мемлекеттердің бірлесе әрекет етуі көп мүмкіндікке жол ашады деп сенемін.
Жазира Оразқызы
