Сонымен Самарқанда «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өтті.
САММИТ-ті, жалпы контекстті «Маңызды. Өте маңызды» деп сипаттасақ, қызыл сөз емес. Біріншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің өзара жақсы қарым-қатынасы, сосын «бір жұдырық» болып жұмылу стратегиясы өте маңызды. Соңғы жылдары прогресс бар. Жарқын мысал: наурыздың ортасында Қырғыз және Тәжікстан президенттері мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойды. Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасы 1000 шақырымнан асады. Жартысына жуығы даулы болып келген.
Екіншіден, соғыс Еуропа одағын ойландырды. Бұған дейін біз көбірек ұмтылдық. Енді өздері де жиі сапарлай бастады. ЕО Global Gateway – «Ғаламдық қақпа» деген стратегиясы бар. Дүние жүзі мемлекеттерімен цифрлық, энергетикалық және көлік секторларында байланыстарды дамытуға бағытталған. Инфрақұрылымдық әріптестік жоспары деуге болады. Соның аясында Орталық Азиямен сауда және инвестицияларға көбірек назар аудару қарастырылған. Эксперттер Global Gateway стратегиясын Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» стратегиясына балама ретінде қабылданған деп айтады. Ал бізге ірі ойыншылардың жобаларын ретімен пайдаланып отырған тіпті жақсы.
ЕО Транскаспий көлік дәлізі - Орта дәлізге назар аударып отыр. Бұл – Қытайды Еуропамен Орталық Азия және Кавказ арқылы байланыстыратын, Ресейді айналып өтетін 6500 шақырымдық дәліз. ЕО осы бағытты кеңейткісі келеді. Себебі өткізу мүмкіндігі бәрібір аз.
Мұнай мен газға бай, ал соңғы уақытта сирек металл шығып жатқан аймақтың әрине, сүйкімі артады. ЕО баланс үшін бізге де керек. Бірақ дамуға жаңа инвестициялар молынан құймаса, Еуропа үшінші ірі ойыншыға айнала алмайды.
Раушан Сайлауқызы талдайды.
