Сауда соғысы: АҚШ президенті 185 мемлекетке қосымша баж салығын енгізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда соғысы: АҚШ президенті 185 мемлекетке қосымша баж салығын енгізді

06.04.2025

АҚШ президенті қосымша баж салығын 185 мемлекетке енгізіп, кәдімгі сауда соғысын бастады. Арасында тәуелсіз мемлекет болып саналмайтын, халқы аз аралдар бар.

Еуроодаққа 20 пайыз, Швейцарияға 31 пайыз, Жапонияға 24 пайыз, Оңтүстік Кореяға 25 пайыз, ал Қытайға – 34 пайыз (алдыңғы тарифті қосқанда 54 пайыз).

Қазақстанға 27 пайыз. Еліміздің сауда және интеграция министрлігі былтыр екі ел елдің сауда айналымы 4,2 млрд долларды құрады деп хабарлады. Экспорт 2 млрд доллар болса, импорт 2,2 млрд доллар. Министрліктің мәліметінше, АҚШ-қа экспорттың едәуір бөлігі қосымша баж салығына жатпайды.

«Қазақстанның АҚШ-қа экспорт құрылымындағы негізгі тауарлар — шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар және басқа да тауарлар. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ Президентінің жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92 пайызын құрайды. Ал баж салығы салынатын тауарлар құны 95,2 млн доллар. Демек қабылданған тарифтер Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының тек 4,8 пайызына ғана әсер етеді. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ тарапымен консультациялар жүргізуге ниетті»,- деген Сауда және интеграция министрлігі.

Түйіп айтсақ, АҚШ президенті дүние жүзіне бытырап кеткен өндіріс ошақтарын қайтадан Құрама штаттардың өзінде ашуды ойлайды. Алайда АҚШ-та жұмыс күші қымбат әрі қазір дайын өнім шығару шын мәнінде ғаламдық процесс болып кеткен. Мысалы, автомобильді алайық, бөлшектері әр жерде шығарылады. Барлығы АҚШ-та өндірілген таза америкалық автокөлік жоқ. Басқа мемлекеттердің қарымта салықтары тағы бар. Коронавирус пандемиясы әлемдік экономикаға қалай соққы бергені есте. Дүниежүзілік сауда ережесі бұзылса, онсыз да үйлесімді тіршілік қылмайтын әлем елдерінің мазасы одан әрі қашатыны түсінікті. Айтпақшы Д.Трамптың соғысты тоқтату демей-ақ қоялық, атысты тоқтату жоспарының іске асатын түрі жоқ. Үшінші айға кетті, құр сөз ғана. Жұманың кешінде Ресей зымырандары Украинаның Кривой Рог қаласын атқылап жиырма шақты адам қаза тапты. Жартысына жуығы балалар. Аулада ойнап жүрген балалар. Опат болған жасөспірім баласының қолынан сипап отырған ана бейнеленген видеоны көру мүмкін емес...

 Ал Газа секторында Израильдің шабуылдарынан соңғы екі аптада 322 бала қаза тапқан. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры - ЮНИСЕФ хабарлады. 609 бала жараланған. Жалпы, 18 айда шабуылдардан Газада 15 мыңнан аса бала мерт болды. 34 мыңнан астамы жараланып, миллионға жуығы босып кеткен.

Израиль Газаға наурыздың 18-де қайта соққы беруге кірісті. Израильдің мәлімдеуінше, бұған «ХАМАС» қозғалысының ымыраны жалғастыруға келіспеуі және кепілдіктегі 59 адамды босатпауы себеп. Алайда олар тағылған кінәні жоққа шығарады.

Апта соңында Израиль әуе күштері Газа секторының солтүстігіндегі мектепке соққы беріп, 27 палестиналықты мерт қылды.


Хабарламаларға жазылу