Қызылорда облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі екі майдангер бар. Бүгінде қарт жауынгерлер ғасырдың белесін бағындырып, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына куә болмақ. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлері үй жағдайында медициналық тексеруден өтті.
Сырдария ауданында тұратын Яхия Тасыров 103-те. Ол 1942 жылы 20 жасында майдан даласына аттанған. Сталинград, Курск, Баранов қалалары мен Польшаны жаудан азат ету шайқасында ерен ерлік көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған. Ал жеңісті Германияда қарсы алыпты. Дәрігерлер ақсақалдың қан қысымы мен жүрек қағысын тексеріп, денсаулық күтімі бойынша кеңес берді.
Қазіргі жағдайым жақсы. Балаларымның, келінімнің қолында отырмын Құдай деп. Зейнетақым жүріп жатыр. Халық сыйлап жатыр. Істеген ісіне мың да бір рақмет балаларға.
Соғыстың соңына дейін жетіп, 1945 жылы жеңіс туын Берлинде желбіреткен қазалылық майдангер Тілеуберген Тобабергенов биыл 101 жасқа келіп отыр. Қарт жауынгердің кәріліктен денсаулығы сыр беріп, бүгінде төсек тартып қалған. Ол қазір дәрігерлердің ұдайы бақылауында. Медбикелер күнделікті ем-домын жасап жатыр. Ел азаматтары соғыс ардагерін ардақтап, сый-құрмет көрсетті.
Әділбек Серікұлы
