Трамптың тарифтері АҚШ-ты ғана емес, әлем экономикасын да рецессияға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан инвесторлар активтерін арылуға асық. Осының салдарын Америкада, Азияда, Еуропада акциялар жаппай құнсызданып, триллиондаған доллар желге ұшты. Сонымен қатар мұнай да күрт арзандап кеткен. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін Азияда Токиодан Шанхайға, Сиднейден Гонконгқа дейінгі аралықтағы акциялар нарығы күрт құлдыраумен ашылды. Облигациялар 2008-ден бері дәл мұнша арзандаған емес. Таңертеңнен бері Шанхайдың «композиті» мен жапонның «Никкейі» шамамен 8, Гонконгтың «Хан-Сені» 13, Кореяның «Коспиі» 5 жарым пайызға төмендеді. Сонымен қатар Тайвань, Австралия, Жаңа Зеландия, Үндістан биржаларында да инвесторлар бағалы қағаздарынан арылуға асықты. Айта кетсек, бұл индекстер Азия-Тынық мұхит аймағындағы мыңдаған компания акцияларының орташа құнын көрсетеді. Олардың арзандауына Трамптың тарифтерінен АҚШ-тың ғана емес, жаһан экономикасы да дамуын тоқтатып, рецессияға ұшырайды қорқыныш себепші.
Хидетоши Таширо, Жапонияның Infinity LLC компаниясының бас экономисті:
Мұндай тарифтік саясат отты сөндірмей, керісінше оған май құяды. Баға онсызда өсіп жатқанда тұтынушылардың жағдайы тіпті нашарлайды. Бұған қоса баж салығының көтерілуінен әлемдік сауда көлемі қысқарады. Түрлі елдер экпорттық тауарлар өндіруді азайтады. Бұл саясат дүниежүзілік экономикаға ғана емес, АҚШ-тың өзі үшін де тиімсіз.
Сонымен қатар Лондон, Париж, Франкфурт биржаларында да индекстер 5-6 пайызға төмендеді.
Ал Құрама Штаттардың ең үлкен үш индексі - S&P, Dow Jones, Nasdaq 4-5 пайызға арзандаған. Жалпы алғанда, АҚШ президенті бүкіл әлемнен импортталатын тауарларға 10 пайыздан 50 пайызға дейін тариф жариялағалы, Америка, Еуропа, Азия биржалары акциялардың құнсыздануынан триллиондаған доллар жоғалтқан. Себебі қазір жаһан экономикасының болашағы күмәнді көрініп тұрғанда, бағалы қағаздан пайда табуға сенім шамалы.
Құрама Штаттар – дүниенің бірінші экономикасы. Оған Трамптың шектеулерінен тауар кіргізу қымбаттаса, талай мемлекеттің жағдайы қиындары хақ. Бірақ Трампты акциялар нарығының бүгінгі тағдыры аса толғандырмайтын тәрізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Нарықта не болатынын мен сіздерге айта алмаймын. Бірақ бір жайт мәлім – біздің ел енді әлдеқайда күшті болады және ол ақыр соңында ешкімге ұқсамайтын мемлекетке айналады. Экономикалық тұрғыдан алғанда біз үстем ел болуға тиіспіз.
JPMorgan банкінің соңғы болжамына жүгінсек, қазір АҚШ пен әлем экономикасының рецессияға ұшырау мүмкіндігі 60 пайызға жетті. Демек, энергетикалық шикізатқа сұраныс азаюы мүмкін. Сондықтан, жұма күні 7 пайыз құнынан айрылған Brent маркалы мұнай бүгін тағы 3 жарым пайызға арзандап, 63 доллар 35 центке сатылып жатыр.
Арыстан Рысбек
