Тұңғыш ұлттық басылымдардың бірі - «Қазақстан» газетінің шығарушысы, ақын, ойшыл, ағартушы Ғұмар Қараштың туғанына биыл - 150 жыл. Тарихи тұлға дүниеге келген Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында атаулы күнге дайындық шаралары басталып кетті. Ағартушы жастайынан хат танып, бала оқытқан. 1910 жылдары бес поэзиялық, үш әдеби-зерттеу кітабы шыққан. Алғаш Бөкей ордасында жарық көрген «Қазақстан» газетіне мақалалар жазып, басылымның халыққа кең тарауына атсалысқан.
Ақынның шығармашылығын насихаттау үшін облыстық Ғұмар оқулары шығармашылық байқауы өтеді. Аудан орталығында ағартушының ескерткіші қайта жаңғырды. Қазақстанның 100 киелі орны тізіміне енген Ғұмар Қараш кесенесі абаттандырылады. Сондай-ақ, ойшылдың өмірі мен шығармашылығы туралы пьеса жазылып, қойылым қойылмақ.
Жаннұр Ахметов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:
Аудан орталығында республикалық ақындар айтысы тамыз айына жоспарланып жатыр. Республика көлемінде Астанада ғылыми-практикалық конференция өткізу, облыста да, одан бөлек қорытынды ретінде қыркүйекте дала қызықтары бәйгесі республикалық деңгейде ұйымдастырылады.Ардақ Мұратқызы
