Ақмола облысында 3 ауыл жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 3 ауыл жарықсыз отыр

08.04.2025

Ақмола облысы Астрахан ауданында 3 ауыл екі күн қатарынан жарықсыз отыр. Қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Ал тасқынның беті қайтып, су деңгейі түсе бастаған. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Астрахан ауданында Қаракөл, Ягодное және Вишневка ауылдары бүгін екінші күн қатарынан жарықсыз отыр. Аталған елдімекендерде 170-тен астам үй бар. Мамандардың қазір жағдайды реттеуге тырысып жатыр. Бірақ қиындық та бар. Біз Астрахан аудандық электр станциясының бастығымен тілдескен едік.

Игорь Пономаренко, Астрахан аудандық электр станциясының бастығы:

Қаракөл, Ягодное және Вишневка ауылына жете алмай отырмыз. Қазір тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Электр бағандары құлап, сымдар су астында жатыр. Жиналған судың тереңдігі кей жерде екі метрден асып кетеді. Қолдан келгенше жағдайды реттеуге тырысамыз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Аталған ауылдарға қашан жарық берілетіні белгісіз. Яғни 170 үй тағы бірнеше күн қараңғыда отыруы мүмкін. Мына біз тұрған Ескі Колутон ауылы да жарықсыз қалуы мүмкін. Сондықтан кешелі бері елдімекенге электр қуатын өндіретін арнайы құрылғылар жеткізіліп жатыр. Бір қуантарлығы, тасқынның беті қайтып, судың деңгейі кешегімен салыстырғанда 15 сантиметрдей түскен. Міне, зер салып қарасыңыздар, мына жерде судың ізі жатыр. Біз кеше дәл осы жерден тікелей эфирге шыққанбыз. Түсіру тобымыз аймақтағы жұмысын жалғастырады. Жағдайды шығарылым сайын баяндап отырамыз.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу