Ақтөбеде мал ауруының алдын алуға арналған зертхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мал ауруының алдын алуға арналған зертхана ашылды

08.04.2025

Ақтөбеде мал ауруының алдын алуға арналған бірегей зертхана ашылды. Ғалымдар қазірдің өзінде Африкадан басталып, әлемге тараған «Түйінді дерматит» секілді кеселдерді ерте бастан анықтап, емдеу жолдарын зерттеп жатыр.

Жаңа зертхана Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында ашылды. Орталық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Білікті мамандар шоғырланған. Жоба авторы Арман Ісімов мемлекеттік грант ұтып, қазір мал ауруларының эпидемиологиялық мониторингі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Оның айтуынша, бұл жұмыстар азық-түлік қауіпсіздігі үшін өте маңызды.

Арман Ісімов, биология кафедрасының доценті:

Вакцина штамдарын, дәрілерін иммунизация бағытында жұмыс істеп, көмектесе аламыз. Ол бірінші тиімділігі. Екіншісі – айналымда жүрген қоздырғыштар бар, бруцуллез болуы мүмкін, ящур, эмкар, түйінді дерматит базасы құрылып, ол базаны аймақтық ветеринарлық инспекциялармен бөлісуге болады.

Университет жанынан «Академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы» да ашылды. Бұл жерде техногендік қалдықтарды қайта өңдеу жолдары зерттеледі. Бүгінгі ғылыми кеңес отырысына облыс басшылығы да арнайы келіп, ғылымды дамытуға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Яғни өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін билік пен ғылыми қауымдастық бірлесе жұмыс істеуге дайын.

Қасымхан Мұстапа, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Зертханада жасалатын нәрселерді біз басқа кәсіпорындарда енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Ол пысықталуда. Әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу