Елімізде сүйек кемігі донорына сұраныс көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде қанның қатерлі ісігіне шалдыққан 8 мың науқас бар. Оларға сүйек кемігі трансплантациясы жасалу керек. Бірақ науқастың геніне сәйкес келетін донор тапшы. Бұған не себеп?
Қанның қатерлі ісігін емдеудің негізгі жолы - сүйек кемігін трансплантациялау. Науқастың ағзасына донордың тін жасушалары енгізіледі. Сол арқылы ағзада жаңа қан жасушалары пайда болады. Науқас жандарға көбіне туыстары донор болады. Солардың бірі - Астана тұрғыны Олжас Жұмабеков. Ол бүгін қан обырына шалдыққан бауырының өміріне араша түсу үшін, қан тапсырды.
Олжас Жұмабеков, сүйек кемігі доноры:
Мен туысқаныма рак ауруының соңғы стадиясы деді, енді ауруханада қатты ауырып жатыр, ес-түсін білмейді. Операция жасау керек дегесін қан тапсыру керек болды. Сол себеппен қан тапсырып жатырмын.
Олжас Жұмабековтың туысына операция бір-екі күнде жасалып, тін жасушалары енгізілуі тиіс. Айта кетейік, туған-туыстың бәрі донор бола алмайды. Қан құрамы, тіндері үйлеспеуі мүмкін. Қазір ұлттық тізімде 13 мыңға жуық донор болғанымен де, олардың көпшілігі пациенттің жілік майын ауыстыруға көмектесе алмайды.
Ажар Шакенова, «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК трансплантацияны дамыту бөлімінің меңгерушісі:
Сүйек кемігі донорын табу өте қиын. Көп жағдайда тіпті туыстарының өзінде 25%-ы ғана сәйкес келеді. Донор науқаспен максималды түрде үйлесімділік табуы қажет.
Донорлар тізімі шамамен жыл сайын 1500 адамға толығады. Бірақ әлеуетті донорлардың барынша көп болуы маңызды. Олардың сәйкестігін анықтауға да тым ұзақ уақыт кетеді. Салдарынан кезегі жетпей, бақилық болатын науқастар аз емес-дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, сүйек кемігі доноры болған адамның ағзасында еш өзгеріс, қауіп болмайды деді.
Айгерім Сағамбаева, «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК донор кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі:
Қанға деген сұраныс көбейіп жатыр. Сондықтан бізге күнделікті 120-150-дей донор келіп тұруы қажет. Күнделікті медициналық мекемелер әртүрлі хирургиялық операция мен онкологиялық аурумен ауыратын науқастар бар.
Сүйек кемігін алмастыру арқылы қан ауруларының көптеген түрін, атап айтсақ, лейкемия, лимфа жүйесінің зақымдануы, нейробластома, сондай-ақ апластикалық анемия және бірқатар тұқым қуалайтын қан ақауларын да емдеуге болады, дейді мамандар. Донор болам деушілер жергілікті қан орталықтарында 6-9 мл қан тапсырып, тиісті форманы толтыруы керек.
Динара Жарқынбек
