Еуропалық парламент депутаттары Қазақстандағы конституциялық құқықтық реформаларды жоғары бағалауда. Бұл туралы депутаттар Брюссельде еліміздің Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімовамен кездесуде мәлімдеді. Сапар барысында Конституциялық сот Төрағасы еуропалық әріптестерімен Қазақстандағы сот төрелігі, адам құқықтары мәселелерін талқылады.
Еуропарламент депутаттарының пайымынша, Қазақстанда Конституциялық соттың құрылуы азаматтардың конституциялық құқығының сақталуына, заң үстемдігінің нығаюына ықпал етті. Құқықтық мәдениетті қалыптастырды.
Джузеппина Принчи, Еуропалық парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі, Еуропарламент депутаты:
Конституциялық сотты құру, заң саласындағы өзгерістер, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң қабылдағандарыңыз керемет. Басқару ісінде, демократиялық реформаларды жүргізуде алға ілгерілеушілік байқалады. Сондықтан Қазақстанмен ынтымақты арттыру біз үшін өте маңызды.
Қазақстанда құқықтық жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрландыруды дамытып, жасанды интеллект енгізілетіні Еуродепутаттардың қызығушылығын туғызды.
Ильхам Кучук, Еуропалық парламенттің құқықтық комитетінің төрағасы, Еуропарламент депутаты:
Технологияны дамыту бойынша тәжірибе алмасуымыз керек. ЕуроОдаққа энергияны диверсификациялау қажет. Бұл тұрғыда бізге Қазақстан әлеуеті жоғары серіктес.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы:
Ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін жекелеген заңдар қабылдау қажет болады. Мәселен Қазақстанға инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға келетіндер үшін заңдарымыз инвестицияларды, кәсіпкерлердің құқын қорғауға, сот қорғауына кепілдік беретіндей болуы керек.
Сапар аясында Эльвира Әзімова Бельгияның Конституциялық сотының Төрағасымен, парламент депутаттарымен кездесті. Өзара әңгімелесуде тараптар сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жемқорлыққа қарсы күрес жайын талқылап, ынтымақты күшейтуге уағдаласты.
Нұрсұлу Қасым
