Жер қойнауын пайдалану заңнамасына өзгерістер енгізу қажет. Бұл туралы Астанада өткен Халықаралық тау-геологиялық MINEX форумында айтылды. Шараға 30 шақты елден 450-ден астам делегат келген. Екі күнге жалғасатын форумда қазақстандық және шетелдік 100-ге жуық үздік сала мамандары баяндама жасайды. Еліміз уран, мыс және сирек кездесетін металдар сынды пайдалы қазбалардың әлемдегі ең ірі қорына ие. Сондықтан инвестиция тарту әрі көбейту – жиынның басты тақырыптарының бірі.
Николай Радостовец, Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры:
Инвестор тарту үшін пайдалы қазбаларды өндіру бойынша салық мөлшерін нақты білу керек. Ал қазір Салық кодексі әлі қаралып жатыр, білесіздер. Әрі жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай жүйесі қажет. 2017 жылы енгізілген заңда біраз мәселелер қамтылды. Бірақ одан бері қаншама жаңашылдық бар, соның бәрін ескеру қажет. Қазір министрлікте біз ұсынған 60-тан астам өзгерістер мен толықтырулар қаралып жатыр.
Артур Поляков, ұйымдастырушы:
Форум тақырыбын «Қазақстандағы минералдық ресурстарды игерудің жаңа дәуірі» деп алдық. Расында биыл тау-кен саласы үшін өте маңызды жыл. Орталық Азия, Еуропа, Америка сынды алпауыт мемлекеттен келген делегаттармен теңдесіз тәжирибе алмасу алаңы құрылып отыр.
Ақниет Балтанова
