Елде коммуналдық инфрақұрылымдардың әбден тозығы жетті. Оларды жөндеу мен жаңартуға қомақты қаражат қажет. Сондықтан салаға инвестиция тарту көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайда тарифтердің артуы қалыпты.
Коммуналдық тарифтердің бағасын көтеру арқылы инфрақұрылым дамиды. Яғни жылу жүйелері жаңартылып, су тазарту станциялары модернизацияланады. Электр энергиясын барлық елдімекенге жеткізу мүмкіндігі артады. Бұл халықтың сапалы қызмет алуына септігін тигізеді, дейді сала мамандары.
Ардақ Жаңабаева, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті қала бойынша департаменті бөлімінің басшысы:
Бізде, мысалы, жылу энергиясындағы персоналдың жалақысы 140 мыңнан 330 мың теңгеге көбейді. Ешқандай маман 140 мыңға жұмыс істегісі келмей, шығып кетеді. Жылу энергиясын өндіру бойынша бізде ТЭЦ-1,2,3 бар. Осының ішінде ТЭЦ-2 бүгінгі күнге дейін жылуды қалаға көмірмен жағып береді. Оның әрине экологияға зияны жоғары. Бүгінгі таңда сол ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру қарастырылуда.
Мұндай тәжірибе әлемнің алпауыт елдерінде қолданылды. Мәселен, АҚШ-та көмірден бас тартып, экологиялық таза энергия көздеріне көшу үшін бағаны 6%-ға арттырған. Ал Германия электр энергиясының бағасын 8,4%-ға, Ұлыбритания газ құнын 15%-ға көбейтті. Осылайша әр мемлекет экологиялық ахуалды жақсартуға, су, жылу, жарықты үнемдеп жұмсауға үлес қосып жатыр.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлемде болып жатқан экономикалық жағдайға байланысты, өйткені геосаяси жағдай шын мәнінде қатты әсер етіп тұр. Бұл - бірінші мәселе. Екінші - доллар бағамы көтеріліп кетті. Үшінші - біз энергия көздеріне байланысты.
Расында тариф бағасының өсуі экономиканы тұрақтандыруға сеп. Бұған дейін коммуналдық қызметтерді мемлекет субсидия арқылы қолдап келді. Бірақ бұл тәсіл бюджетке ауыртпалық түсіреді. Десе де депутаттар мәселені егжей-тегжейлі талқылап, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға жеңілдіктер қарастыруды ұсынып жатыр.
Ақниет Балтанова
