Түркістан облысында шегірткелер жылдағыдан 2,5 есеге көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шегірткелер жылдағыдан 2,5 есеге көбейген

10.04.2025

Түркістан облысында шегіртке қаптады. Зиянкестер өңірдің 9 ауданында анықталғанымен, қазір зиянкестердің ошағы саналатын Сарыағаш, Келес аудандары мен Арыс қаласында жаппай дәрілеу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар бір апталық шегірткелерді 20-25 күнде дәрілеп бітпесе, қанаттанып кетуі мүмкін дейді. Сондықтан бұл жұмысқа еріктілер мен өзге де ауыл тұрғындары тартылуда. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

  Айнұр Әбілқасымқызы, тілші

Биыл зиянкестер жылдағыдан екі жарым есе көп деп болжанып отыр. Қазір шегірткемен күрес жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға еріктілер мен мекеме қызметкерлері жұмылдырылған.

Бұл - Келес ауданының Бозай ауылдық округінде жүрген еріктілер. Шегірткенің ошағы саналатын аумақта зиянкестер шамадан тыс көп болғандықтан, көмекке бірнеше мекемеден қызметкерлер тартылған. Олар шегірткенің шоғырланған жеріне арнайы белгі қойып, техникамен дәрілеуге жағдай жасайды.

 Әлімжан Ақыл, спорт клубы директорының орынбасары:

Біз «Келес спорт» клубынан 57 адам келдік. Оның ішінде жаттықтырушылар да бар. Спортшылар да бар. Бізге 18 гектар жер берілді. Соны бүгін кешке дейін бітеміз деп тырысып жатырмыз. Болмаса, ертең тағы бітпеген жерін бітіреміз.

 Қазір аудан аумағында зиянкестер шыққан аумақ 17 секторға бөлініп, 51 техникамен залалсыздандыру жүргізілуде. Көршілес Мақтаарал мен Жетісай ауданынан механизаторлар да келді. Техника тізгіндеушілер таңғы бестен қас қарайғанша дәрілеу жүргізеді.

 Жомарт Қалдыбек, ерікті механизатор:

Шегіртке ұйықтап жатқан уақытта қимылдаймыз. Шегіртке қозғалғаннан кейін жан-жаққа қашады. Оны шашқанда да кленка қойып кетеді. Сол жерге шашып кетеміз.

Зиянкестердің жылдағыдан көбейіп кетуі әсіресе жергілікті халықты алаңдатып отыр. Малмен жан бағып отырған шаруалар шегірткелер қаптап кетсе, жайылымсыз қаламыз ба деп алаңдайды. Мамандар зиянкестердің 400 мыңға жуық гектар жерге жайылған деген болжам жасады.

 Мырзакерім Міржанов, Ошақты ауылының тұрғыны:

Мал жайылымын жеп қойса, біздің егістікке түседі. Егістікті жеп кетеді, бір келген кезде. Ұшса, болды. Кәдімгі қырдағы қауын-қарбыздың барлығын жеп, асфальтқа құлаған кезде машиналар тайғанақтаған кез болды. Дәл ондай жағдай болмасын, болса жаман ол. Қазір анықтап, қазір дәрілеу керек.

 Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

 Бүгінгі таңда 190 анықтаушы қоғамдық ақылы жұмыспен тартылған. Және еріктілер бар. Осындағы ауыл округте тұратын диқандар, қойшылар, шопандарды қосқан кезде бүгінгі таңда 500 адам жұмыс істеп жатыр. 

Бүгінге дейін 9 ауданда арнайы жұмысшы топтар жасақталып, 15 мың гектарға жуық жер химиялық залалсыздандырудан өтті. Негізгі күш әсіресе Келес, Сарыағаш пен Арыс қалаларына жұмылдырылуда.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу