Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкентке барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкентке барды

11.04.2025

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақтан түскен бетте таяуда пайдалануға берілген әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге жұмсаған. Аумағы 39 мың шаршы метр. Сағатына 2 мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Қазір бұл жерден аптасына 17 бағытта рейс ұшады. Алдағы уақытта оны 57-ге дейін көбейту көзделіп отыр. Оның ішінде елдің барлық 16 өңіріне тікелей рейстер ашу жоспарланған. Транзиттік бағыттар мен жүк тасымалы да артады. Ол үшін екінші ұшу-қону жолағы салынып, техникалық қызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Дәулет Хамзин, Шымкент халықаралық терминалы директорының орынбасары:

Бұл — ерекше сәулетпен салынған заманауи нысан. Шатыры жеңіл материалмен жабылған. Мұнда бет-әлпет арқылы тану жүйелері бар. Арнайы заң қабылданғаннан кейін жолаушыларды құжатсыз, Face ID жүйесімен тіркеу жоспарланып отыр. Қазақстанда алғаш рет тіркеу орындары залдың қақ ортасына қойылды. Бұл қызмет көрсету жылдамдығын арттырады. Жүк автоматты түрде сұрыпталып, төрт кезеңді тексеруден өтеді. Алғашқы екі кезеңде компьютер қауіпті заттардың бар-жоғын өзі анықтайды. Мұның бәрі жолаушыларды тез әрі қауіпсіз тіркеуге мүмкіндік береді.

Осыдан кейін Президент сауда-логистика орталығына барды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды нысан. Мұнда бір мезетте 90 мың тонна азық-түлік сақтауға болады. Аумағы 24 мың шаршы метр. Кешен А+ санатына жатады. Озық технологиямен жабдықталған. Мәселен тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу