Оралда тынымбақ орнына заңсыз көпқабатты тұрғын үйлер салынған. Отызға жуық ғимарат қаланың бас жоспарына сәйкес келмейді. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қала құрылысына талдау жасап, өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.
Жеңіс шағынауданындағы осы үйлердің орнында тынымбақ құрылысы жалғасуы керек еді. Алайда бұл аумақта 9 қабатты баспаналар бой көтерген. Ал Досмұхамедов, Сарайшық көшелерінде коммерциялық үйлер рұқсат құжаттарынсыз салынған. Шаһарда бас жоспар жобасының талаптары бұзылған 27 ғимараттың бар екені анықталды.
Бауыржан Зәки, қоғам белсендісі:
Заң бойынша бас жоспар бір рет бекітіледі және оны өзгерту деген өте қиын нәрсе. Дегенмен оны 30 рет өзгерту деген сөз - мына жерде сквер болатын болса, оны алып тастайды да, бизнесменге 9 қабатты екі үй салуға, не бизнес орталық салуға, әйтеуір өте жақсы пайда әкелетін құрылыс нысандарын салуға рұқсат береді.
Соңғы үш жылда 3 мыңға жуық жер телімінің пайдалану мақсаты өзгерген. Зердесі бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың жер телімі кадастрда дұрыс көрсетілмеген. Салдарынан оның бір бөлігі жеке тұлғаға өтіп кеткен. Ал қаланың қақ ортасындағы жаяу жүргіншілер жолына кәсіпкер жазғы дәмхана ашып қойған.
Мұратбек Қасымов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыс бойынша Департамент басшысының орынбасары:
Талдау нәтижесінде құрылыс тығыздығының коэффициентінен бірнеше есе асатын 50-ден астам объект анықтадық. Ұсыныс берілді. Жоспар бекітілді. Бұл сұрақтармен уәкілетті мемлекеттік органдар айналысып жатыр.
Санитарлық-қорғау аймағына жататын «Орал-Желаев» тасжолы мен теміржолдың бойында 9 қабатты тұрғын үй салынған. Жобаға түзету инвестор мен тапсырыс берушінің өтінішінсіз енгізілген. Қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің талдауындағы заң бұзушылықтарға қатысты түсінік берді.
Мұрат Бәйменов,Орал қаласының әкімі:
Екі іс қазір сотта қаралып жатыр. Сот шешімі шыққаннан кейін бес қабаттың орнына жеті этаж салған үйлердің үстіңгі екі қабатын алып тастайды. Ал екіншісінде сот шешімі бұзу керек деп шешім шықса, бұзылады ол үйлер.Екі іс қазір сотта қаралып жатыр. Сот шешімі шыққаннан кейін бес қабаттың орнына жеті этаж салған үйлердің үстіңгі екі қабатын алып тастайды. Ал екіншісінде сот шешімі бұзу керек деп шешім шықса, бұзылады ол үйлер.
Соңғы бес жылда Оралдың бас сәулетшісі 8 рет ауысқан. Бір ай бұрын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Марат Тәшенбаев пара алғаны және қызметін асыра пайдаланғаны үшін 7 жылға сотталды.
Ардақ Мұратқызы
