Президент Шымкент қаласындағы бірқатар нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Шымкент қаласындағы бірқатар нысанды аралады

11.04.2025

Шымкент қаласында Мәдениет және өнер университеті ашылады. Мемлекет басшысы жергілікті жұртшылықтың ұсынысын қолдап, осындай тапсырма берді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі жаңа сын-қатерлерге, яғни сауда соғысына қатысты пікір білдіріп, Дональд Трамптың қақтығысқа қатысы бар елдерге 90 күндік мораторий жариялау бастамасын қолдайтынын айтты. Жалпы Президент аймаққа жұмыс сапары аясында бірқатар нысанның жұмысымен танысты. Толығырақ аймаққа арнайы барған әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білсек. Шерхан, Президент қандай нысандарды аралады?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қайырлы күн, Альбина! Иә, Шымкент Президент сапарына тыңғылықты дайындалғаны байқалады. Ірі кәсіпорындар, мәдени ошақ, білім мекемелері, ұзын-ырғасы он шақты нысанға барады деген жоспар бар. Әуелі әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Аумағы атшаптырым. 39 мың шаршы метр. Оның іске қосылуы жылына 10-12 млн жолаушы тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық аймаққа барып, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен танысты. Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Тағы бір ірі жоба қосылмақ. Қала билігі құны 650 млн доллар болатын жылыжай салу бойынша келіссөз жүріп жатқанын айтты. Азық-түлік сақтайтын заманауи қойма да осында. Сауда-логистика орталығы азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды. Онда 90 мың тонна өнім сақтауға болады.

Айжан Наимбекова, кәсіпкер:

Март айында, февраль айында картоп бағасы өседі. Қоймаға қойып, 6-7 айға дейін сол тұрған күйінде сақтап, мартта ашып сатуға болады.

Президент барған тағы бір зауыт – Кока-Кола. Ол жылына 283 млн литр тәтті сусын өндіреді. Жоба құны 27 млрд теңге. 150 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Алима Исембаева, «Coca-cola Icecek» Орталық азия және Кавказ елдеріндегі үкіметпен байланыс жөніндегі директоры:

2013 жылдан бастап Кока-Коланын Қазақстан мемлекеттік бюджетіне төлеген салықтық аударымдары 259 млрд теңгеден асып түскенін айта кету керек. Компанияның ел экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 106 млрд теңгеден астам.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Шымкентте қазір саябақтар мен скверлер өте көп салынып жатыр. Былтырдан бері 24-і ел игілігіне берілді. Ірісінің бірі Шымсити саябағына Президент келіп, қаланы көгалдандыруға үлесін қосты. Саябақ іргесінде тұрған сәулетті Тулипп холл концерт сарайына да атбасын бұрды. Бұл аймақтың мәдени өміріне тыныс берген кешен. Президент мұнда зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, әңгімелесті. Мәдениет сарайының атауы өзгеруі мүмкін. Қандай атау алмақ? Ол туралы кешкі ақпаратта тарқатып айтамын. Альбина!


Хабарламаларға жазылу