Шымкентте Мәдениет және өнер университеті ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте Мәдениет және өнер университеті ашылады

11.04.2025

Шымкентте Мәдениет және өнер университеті ашылады. Мемлекет басшысы жергілікті жұртшылықтың ұсынысын қолдап, осындай тапсырма берді. Президент шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті. Сапар аясында Президент бірқатар өндіріс орны мен әлеуметтік маңызды нысандардың жұмысымен танысты. Шымкенттен Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шымкент. Үшінші мегаполис. Қызу тіршілік, қарқынды құрылыс. Шырайлы шаһардағы ілкімді істердің аяқалысын көруге Мемлекет басшысы арнайы ат басын бұрды.

Президент ұшақтан түсе сала, әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Бұл аэропортты жергілікті тұрғындар көп күтті. Ескі терминалдың тар ғимаратында сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетілсе, жаңасы 2 мың адамды емін-еркін қабылдай алады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жаңа әуежай аумағы атшаптырым. 39 мың шаршы метр. Бұл дегеніңіз - 7 стадионның аумағымен тең. Оның іске қосылуы жылына 10-12 млн жолаушы тасымалдауға мүмкіндік береді. Осылайша Шымкент еліміздегі ғана емес, ТМД-дағы ірі көлік хабына айналмақ ниетте.

Қазір аптасына 17 бағытта рейс қатынайды. Енді ол 57-ге дейін артпақ. Әуежайда екінші ұшу-қону жолағы салынып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр.

Кәсіпке бейім, іске пысық. Шымкенттіктер жайлы айтылатын бұл пікір бекер емес. Қалада жеті бірдей индустриялық аймақ бар. Онда 300-ден астам кәсіпорын топтасқан. Мемлекет басшысы жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен танысты.

Жайлы өмірге жасыл орта керек. Қазір қалада бос орындар мемлекет меншігіне алынып, саябақтар салынып жатыр. Былтырдан бері 24-і ел игілігіне берілді. Ірісінің бірі Шымсити саябағына Президент келіп, қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосты.

Саябақ іргесінде тұрған сәулетті Tulip hall концерт сарайы. Аймақтың мәдени өміріне тыныс берген кешен. Президент мұнда зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар.

Мәдениет сарайы менмұндалап тұрғанымен, атауы көпке жақпады. Президент тұрғындар пікіріне құлақ асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен.

Кенжехан Төлебаев, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Біз, ардагерлер қауымы, Tulip деген сөзді түсіне бермейміз. Оны әртүрлі мағынада тулип па, тұрып па деген әңгімелер әзілдесіп айтып жүретін едік. Қазақша аударғанда қызғалдақ деген мағынаны береді екен. Неге қызғалдақ немесе жауқазын деп қоя салмаймыз. Жаңа Қасым-Жомарт Кемелұлы тулип деген қайдан шыққан, «Қызғалдақ» болсын деп, нүкте қойып кетті.

Шымкентте жаңа стадион салынбақ. Қаланың құрылыс жоспары бойынша мегаполисте жеке үйлердің бей-берекет салынуына шектеу қойылады. Алдағы он жылда көпқабатты баспананың үлесі 60 пайызға жету керек. Президент «Ақжайық» ауданында салынып жатқан үйлерді көрді. Мұндағы пәтерлер кезектегі тұрғындарға несиеге беріледі.

Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы:

Жалпы, Шымкент қаласында кезекте 52 мың адам тұр. 71 көпқабатты үй салынып жатыр.

Қалада 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Президент «Тассай» индустриалды аймағындағы кәсіпорындардың жұмысын көрді.

Жергілікті трансформатор зауыты да осы арнайы аймақта орналасқан.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұл - алып трансформатрдың ішкі бөлігі. Жүрегі деп айтсақ та болады. Жоғары кернеулі тоқ осы сымдармен өтіп, елдімекендерге жіберіледі. 500 кв-ттық алып техника Орталық Азияда тек осы жерде ғана шығарылады.

Өнімнің 80 пайызы экспортталады. Өндіріс халықаралық талаптарға сай, экологияға зиянсыз.

Сайдолла Қожабаев, кәсіпкер:

Біз бір жылдың ішінде 40 мың дана трансформатор шығарамыз. Жалпы, Қазақстанның сұранысы 7 мың. Біз бүкіл ТМД елдеріне сатамыз, қала берді Шығыс Еуропа, Ауғанстан.

Шымкент отандық фармацевтика өндірісінде үлкен орын алады. Қалада 19 кәсіпорын бар. Соның бірі - Marai Group. Травмотологияда аса қажетті титан импланттарын шығарады.

Ғалымжан Таласов, кәсіпкер:

Тырнақшалардың адамға зияны бар. Сол үшін мұны арнайы Австралиядан әкелінген келген топырақта салып тазалаймыз. Сонда адамның ішіне барып қойылған кезде ешқандай зияны болмауы керек.

Ал бұл былтыр ашылған оқушылар сарайы. Бес мың бала түрлі кәсіптің әліппесін үйреніп, үйірмелерге қатысып жүр. Ғылымға басымдық берілген. Спорт пен шығармашылықтың да түрлі бағыты бар.

Жас журналистер де тәрбиленіп жатыр. Болашақ әріптесті сөзге тарттық.

Сана Русланқызы, оқушы:

Мен журналистика үйірмесінен дұрыс сөйлеуді, сөйлем құрауды, камера алдында қысылмауды үйрендім. Қазақша дұрыс  сөйлеуді үйрендім. Мен бұрын ашық сөйлемейтінмін. Орысша сөздерді қосатын едім. Ал қазір ондай емес.

Сапар соңында Президент жөндеуден өткен теміржол вокзалына барды. Қайта жаңғыртуға инвестор есебінен 1 млрд 100 млн теңге бөлінген. Вокзал ғимараты үлкейіп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу